Нұр-Сұлтандағы "Территория комфорта-1" тұрғын үй кешені бұзылады

11 Қыркүйек 2019, 17:58
1689
Бөлісу:
Нұр-Сұлтандағы "Территория комфорта-1" тұрғын үй кешені бұзылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада "Территория комфорта-1" проблемалық нысанын бұзу басталды. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қала әкімі Алтай Көлгінов "Территория комфорта - 1" тұрғын үй кешенінде болды. Тұрғын үй кешені 2004 жылы тұрғызыла бастады. Техникалық тексеру ғимараттың апатты екенін көрсетті. 

"Нұр Астана Құрылыс" ЖШС бөлшектеу жөніндегі жобаның жетекшісі Алиакбар Үмбеталиннің айтуынша, бұрынғы құрылыс салушы техникалық нормаларға сәйкес келмейтін бетон маркасын пайдаланған. 

"№500 марканың орнына құрылыс салушы № 250 пайдаланды. Бұл құрылым тұрғын үйлерді салу үшін қолайлы емес. Арматураның түйіскен жерлерінде байламдар жоқ, ал кей жерлерінде қалау торынан байламдар пайдаланылған. Егер мұндай үйді пайдалануға енгізсе, онда үйдің бір бөлігі техникалық нормаларға сәйкес болмағандықтан бірден құлайды", - деді ол.

Қала әкімі бірінші кезектегі міндет - тұрғындарға кілттерді беру екенін атап өтті. Жалпы үлескерлер саны-500 адам. 

"Бастысы инвестор табылды. Егер басқа проблемалық нысандардың ең болмағанда іргетасы қаланса, бұл жерде барлығын бұзып, құрылысты қайта бастау қажет. Инвестор үшін жоба рентабельді, учаске қаланың орталық көшелерінің бірінде орналасқан. Қазір барлығымыз бірге жұмыс істеуіміз керек. Құжаттама бойынша біз көмектесеміз", - деді Көлгінов. 

Аталмыш тұрғын үй кешенінің блоктарын бұзу ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады.

Қалада барлығы 51 аяқталмаған объект (76 үй) бар. Құрылыс процесін Nur Otan және мәслихат депутаттары бақылайтын болады. Ағымдағы жылдың соңына дейін 10 тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі.

Өзгелердің жаңалығы