Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Бекітілген терминдердің ғылым тілін дамытудағы орны» атты онлайн семинар өтеді.
Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту терминология саласының басты міндеті болып табылады. Ол үшін терминологияны біріздендіру, терминжүйе қалыптастыру аса маңызды. Онлайн-семинардың мақсаты – бекітілген терминдердің қолданыс аясын кеңейту жолдары, бекітілген терминдердің құрылымындағы жүйелілік, бірізділік т.б. өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын ұсыну.
Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясы мақұлдаған терминдердің қолданыс аясын кеңейту, сапасын арттыру мәселесі, ғылым тілін дамытудағы халықаралық және төл терминдердің арасалмағын айқындау және т.б. семинар талқылауының өзегі болмақ.
Іс-шара онлайн режімде пікірталас, сұрақ-жауап форматында ұймдастырылады. Онлайн семинарға сала мамандары тартылды.
Шараға филология ғылымдарының докторы, ҰҒА-ның академигі, Шерубай Құрманбайұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының редакциялық және аударма бөлімінің меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлы, «Назарбаев университеті» АҚ Қазақ тілі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Әлісжан Сарқыт Қалымұлы қатысады.
Іс-шараны сала мамандары, филологтар мен жоғары оқу орнының студенттері, жалпы жұртшылықтың zoom бағдарламасы арқылы көруге мүмкіндігі бар. Қатысушылар онлайн режімде баяндамашыларға сұрақтарын қойып, тақырып бойынша өз ойларын ортаға салып талқылай алады.
Қатысушыларға біліктілік сертификаттары табысталады.