Теріс діни ағымдарға заңнамалық тыйым салу керек пе? Ұлттық қауіпсіздік комитеті Мәжіліс депутаттарының дін мәселесіне қатысты жолдаған сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы уақытта елімізде діни жат ағымдармен күрес мәселесі жиі талқыға түсіп, қоғамды алаңдатып отырған проблемаға айналды. Мәжіліс депутаттары қазан айында өткен жалпы отырыстарда осы мәселені шешетін уақыт жеткенін айтып, дабыл қаққан еді. Депутаттар осы тақырып төңірегінде Үкімет пен тиісті органдарға бірнеше депутаттық сауал жолдап, заң аясында тыйым салу керегін ұсынды.
«Теріс діни ағымдар «шеше» мен «ұстаз» деген ұлағатты атаудың мәнін құртты»
Депутат Қазыбек Иса эстрадада, айтыста, спортта дінді жамылып, елді бұзып жүрген «ұстаздар» туралы былай деген болатын.
Депутат атап өткендей, өткен 30 жылдық теріс саясат қазақтың «нұр» деген жалынды сөзін жағымсыз сөзге айналдырса, теріс діни ағымдар тіпті, ең қымбат, ана деген аяулы атпен қатар аталатын «шеше» деген қастерлі атауға қара күйе жағып, «ұстаз» деген ұлағатты атаудың мәнін құртты.
Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, елге қауіпті күштерге айналдырып жатыр. Дінге, тілге қарсы елбұзар теріс ағымдардың бәріне тосқауыл қойылуы тиіс. Ел үшін ең қымбат ұлттан, адам үшін ең аяулы – әке-шешеден, қазаққа ең адал домбырадан садаға кеткір харам пиғылдылардың еркін тарап жатқан ел түбіне жетер вирусын шұғыл заңмен тоқтататын кез жетті, - деп ойын айтты депутат.
Осылайша депутаттар ұлттық мүддеміз бен дәстүрімізге, ел бірлігіне балта шауып, мемлекетке тағы да қатер төндіріп жатқан діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу қажеттігін айтып еді.
«Қазақтың рухани дүниесі мешітпен емес, мектеппен бірге дамуы керек еді»
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи атап өткендей, елімізде дәстүрлі діндердің дамуына барлық мүмкіндік жасалған. Салынып жатқан мешіттер мен храм-шіркеулердің санында шек жоқ. Үлкен қалаларда мектеп салатын қуыс қалмаса да, мешіттер мен шіркеулер салатын жер табылып жатыр. Қазақ халқының рухани дүниесі мешітпен емес, мектеппен бірге, өнер ордалармен қатар дамуы керек еді.
Соңғы бірер жылда Ислам дінін жамылған жат ағымдар қазақстандық қоғамға әлеуметтік-тұрмыстық жарқышақ салып, ол саңылау барған сайын ажырап барады. Тіпті, қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттік тұтастыққа ауыз сала бастаған бұл жарқышақ қазақ халқының ұлттық бірлігі мен ұлттық даму дәстүріне және мыңжылдық қазақи ислам салтына қарсы шабуылға айналған сыңай танытады. «Бұл теріс діни үрдіс саяси сипат алып бара жатқан жоқ па?» деген де қатер бар. Себебі халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс топ жанталасып, бізге жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасап жатыр, - деп айтты депутат.
Ермұрат Бәпи әріптесі Ринат Зайытовқа қарсы жасалған шабуыл соның мысалы екенін атап өтті.
Бір өкініштісі – бұл исламдық секта Қазақстанның бірқатар аймағында, әсіресе Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайып барады. Бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар – салафизмге табынушылар басып барады. Яғни бұл теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз. Жасыратыны жоқ, уақытында елге танымал азаматтар, оның ішінде депутаттар да қоғамға салафизм мен арабизацияны енгізуге тырысты. Жақтаушылар іздеп, қолдаушылар тапқандары да бар. Сондай-ақ мемлекеттік биліктің өз ішінде де, уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын лауазымды қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті, - дейді ол.
Депутат Үкімет пен уәкілетті органдардың теріс діни ағымдар тудырып жатқан ұлттық алауыздықты шұғыл тоқтатудың қандай шарасы, тіпті үкіметтік бағдарламасы бар екенін сұрап, сауалын жолдаған болатын.
Теріс діни ағымдармен күрес: ҰҚК не дейді?
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты Ермек Сағымбаев депутаттардың теріс діни ағымдарға (ТДА) және діни қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты көтерген мәселесіне ресми жауабын берді.
Комитет төрағасының сөзінше, ҰҚК құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметін үйлестіреді. Мәселен, Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама іске асырылды. Осы мерзім ішінде 18 зорлық-зомбылық акциясының алды алынды.
Қазақстандық қоғамның құндылықтарына (ҚҚҚ) ТДА-ның 5 908 жақтаушысы бейімделген. Түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 298 адам радикалсыздандырылды.
Жалпы қабылданған шаралар теріс діни ағымдардың ұстанушылары санының белсенді өсуін тоқтатуға, жекелеген өңірлерде олардың төмендеуіне қол жеткізуге мүмкіндік берді. Бітіспес радикалдарға қатысты қылмыстық және әкімшілік тәжірибені қолдану оң әсер етті. 2023 жылдың өзінде террористік және өзге де қылмыстар үшін 87 адам ұсталып, 36 ТДА жақтаушысы сотталды, - делінген Сағымбаевтың жауабында.
Мемлекеттік бағдарламаның жалғасы - «Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың 2023-2025 жылдарға арналған мемлекеттік жүйесін дамытудың кешенді жоспарын» әзірлеу.
ҰҚК басшысы бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті. Айтуынша, діни қызметті реттеу саласындағы заңды қатаңдату қажеттілігіне қатысты бастама осыған дейін мемлекеттік деңгейде бірнеше рет талқыланған болатын.
Бұл мәселе 2016 жылғы Ақтөбе мен Алматыдағы белгілі террористік актілерді тергеу нәтижелерін ескере отырып, 2017 жылы ерекше өзектілікке ие болды. ҰҚК сол кезеңде дін саласындағы мемлекеттік бақылауды заңнамалық тұрғыдан қатаңдату қажеттілігін қолдады. ҰҚК сарапшылар тобының қатысуымен ДІАҚМ-мен (қазіргі уақытта МАМ) бірлесіп «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға тиісті өзгерістер дайындалды. Заң жобасында діни бірлестіктердің қызметіне, діни әдебиеттер айналымына, шетелде рухани білім алуға, миссионерлік және басқа да діни қызметке бақылауды күшейту жөніндегі нормалар қамтылды, - деді ол.
Сондай-ақ «сыртқы атрибуттарды, киім заттарын қоса алғанда, теріс діни ағымдарға қатыстылығын анықтайтын белгілерді бекіту» функцияларын беру арқылы уәкілетті органның құзыретін кеңейту ұсынылды.
Бұл нормалар радикалдардың алдын алуда айтарлықтай қолдау көрсетіп, ең алдымен, ТДА жақтаушыларына олардың радикалдану сатысына дейін ескерту шаралары ретінде санкциялар қолдануға мүмкіндік береді деп күтілген.
Заң жобасы мемлекеттік органдарда келісіліп, Парламент Мәжілісінде таныстырылды, қоғамдық және діни ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің жұмыс тобымен талқыланды. Алайда АҚШ Мемлекеттік департаментінің 2018 жылғы «ҚР-дағы діни сенім бостандығы туралы» жыл сайынғы баяндамасында заң жобасы теріс бағаға ие болды және Қазақстан кейіннен ел рейтингін төмендете отырып, «ерекше бақылау тізіміне» енгізілді, - делінген комитет берген жауапта.
Алдағы уақытта елімізге саяси және экономикалық санкцияларды қолданудың ықтимал тәуекелдеріне байланысты 2018 жылдың соңында ДІАҚМ заң жобасы бойынша жұмысты тоқтатып, 2019 жылдың қаңтарында Парламенттен қайтарып алды.
Заңның жекелеген, неғұрлым талап етілетін нормаларын өзектендіру бойынша кезекті әрекетін АҚДМ (қазіргі уақытта МАМ) 2022 жылғы ақпанда қолға алды және оны ҰҚК қолдады, бірақ Қазақстанға санкцияларды қолдану қаупі алдын ала ескерілді.
Құқықтық негіздердің болмауы бүгінгі таңда тиімді және мақсатты алдын алу шараларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін шектейтін негізгі факторлардың бірі. Атап айтқанда, кең тәжірибелік қолданысқа қарамастан, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамалық базада және негізгі бағдарламалық құжаттарда «теріс діни ағым», «дерадикалдандыру» және «оңалту» сияқты ұғымдар көрініс таппаған. Мұндай жағдайда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі пісіп жетілген болып көрінеді, - деп түсіндірді Ермек Сағымбаев.
Сонымен бірге теріс діни идеология және осы сипаттағы ағымдарда ұйымдасқан құрылымның белгілері жоқ екенін атап өткен жөн.
Осы себепті бұл бағыттағы құқық қолдану тәжірибесі проблемалық аспектілерге тап болуы мүмкін.
Қолданыстағы қылмыстық заңнама ағымдар мен қозғалыстарды емес, заңсыз қоғамдық және басқа бірлестіктерді құру және олардың қызметіне қатысу үшін ғана қудалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар теріс діни ағымдардың іс-әрекетіне заңнамалық тыйым салу ықтимал тәуекелдерді қамти отырып, сыртқы және ішкі сипаттағы белгілі бір қауіптерге ие.
Біріншіден, ТДА жақтастарының неғұрлым радикалды бөлігінде наразылық әлеуетінің күшеюі, олардың жаңа заңнама талаптарымен келіспеуіне байланысты үшінші елдерге «хижра» (көшу) жасауы .
Екіншіден, бұрынғыдай шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар (ХҮЕҰ, құқық қорғау ұйымдары және т.б.) тарапынан дінге сенушілердің құқықтарына нұқсан келті рді деген сылтаумен қысым мен сынның күшеюі.
Үшіншіден, шетелдік содырлардың ұмтылыс векторын Қазақстанға көшіруі.
Төртіншіден, ТДА өкілдерінің тербелмелі бөлігінің неғұрлым шешуші әрекеттерге ауысуына байланысты діни көзқарастарының радикалдануы.
Бесіншіден, ТДА ұстанатын сотталғандар санының ұлғаюы және түзеу колонияларында олардың идеологиялары таралуының өсуі.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, дін саласындағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу мәселесін өзектендіру мүмкін деп пайымдаймыз, бірақ ел үшін барлық ықтимал тәуекелдер мен қауіп-қатерлерді ескеру мақсатқа сай, - делінген комитеттің ресми жауабында.