Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық теннис орталығында Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде Қазақстан – Германия матчы басталды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Алдымен кортқа Юлия Путинцева мен Анжелика Кербер шықты. Әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің үш мәрте жеңімпазы Анжелика қазіргі кезде 17-орында болса, Путинцева 52-сатыда еді. Бұған дейін германиялық теннисші Юлияны екі рет ұтқан еді.
Бірінші партияны қарсыластар брейк алмасумен бастады. Содан кейін Кербер қарқынды ойнап, есепті 5:1-ге жеткізді. Ю.Путинцева брейк жасағанымен, одан әріге шамасы жетпеді – 3:6. Есесіне екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Юлия брейк жасай білді.
Тағы бір брейкпен өзінің геймін де алды – 5:1. Бұдан соң Анжелика есепті қысқартқанымен, қазақстандық теннисші сетті тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:3. Үшінші, шешуші сетте Путинцева 3:0 есебімен алға кетті. Сосын матчты тағы бір брейкпен бітірді – 6:2.
Тартысты өткен бәсеке барысында Юлия, әсіресе, қысқа соққылармен қарсыласын қапы қалдырып отырды. Осылайша Қазақстан 1:0 есебімен алға шықты. Енді бүгін жекелей сында Елена Рыбакина мен Лаура Зигемунд шеберлік байқасады. Қалған ойындар ертеңге жоспарланған.