Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Токиода өтіп жатқан WTA-500 турнирінің жартылай финалынан бас тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) мәліметінше, теннисшінің жарысты жалғастыра алмауына арқа жарақаты себеп болған.
Бүгін ойнай алмайтыныма өте өкінемін. Осы апта бойы арқам ауырып жүрді, сондықтан 100 пайыздық қарқынмен ойнауға шамам жоқ. Жанкүйерлерімнің менің ойынымды көре алмайтынына қынжыламын, бірақ келесі жылы сіздерді қайта көремін деп үміттенемін, – деді әлемнің жетінші ракеткасы WTA-ға берген сұхбатында.
Жартылай финалда Рыбакина Линда Носковамен кездесуі керек еді. Чехиялық теннисші Анна Калинскаяның жарыстан шығуына байланысты 1/2 финалға жолдама алған болатын.
Соған қарамастан, Рыбакина WTA қорытынды турниріне қатысуға мүмкіндік алды. Ол рейтингтік жарыс кестесінде сегізінші орынға шығып, ресейлік Мирра Андрееваны артта қалдырды.