2026 жылғы 18 қаңтарда Теңізде болған, кейін өндіріс жедел қалпына келтірілген оқиға елдің негізгі мұнай-газ инфрақұрылымының осал тұстарын айқын көрсетті. Теңіз – Қазақстандағы ең ірі кен орындарының бірі, ол елдегі мұнай өндірісінің шамамен 30 пайызын қамтамасыз етеді. Ал Атырау облысының үлесіне ұлттық мұнай көлемінің 40 пайыздан астамы тиесілі. Сондықтан электрмен жабдықтаудағы тіпті қысқамерзімді іркілістің өзі жүйелік салдарға әкеледі.
BAQ.KZ тілшісі аталған оқиғаның қандай жүйелік әлсіздіктерді ашып көрсеткенін және оның неге Батыс Қазақстан үшін аса сезімтал болғанын талдап көрді.
Бір торап істен шықса, бүкіл тізбек тоқтайды
Энергетика министрлігінің мәліметінше, тоқтауға Теңіздегі газтурбиналық электр станциясында (ГТЭС-4) болған өрт себеп болған. Соның салдарынан ішкі электр өндірудің бір бөлігі жоғалып, Теңіз және Королевское кен орындарында мұнай өндіру мен өңдеу жұмыстары тоқтатылды. Ал оператор экспорттық жеткізілімдер бойынша форс-мажор жариялады.
PACE Analytics талдау компаниясының жетекшісі Асқар Исмаиловтың айтуынша, бұл жағдайды жай ғана жергілікті техникалық ақау деп қарастыруға болмайды.
Бүкіл кен орнының бір ғана ірі энергиямен жабдықтау торабына аса тәуелді екені анық көрінді. Мұндай құрылымда энергетикадағы бір ақау өндірістік тізбектің түгелдей тізбекті түрде тоқтауына әкеледі, – деді сарапшы.
Электр қуатының жоғалуы қондырғыларды автоматты түрде қауіпсіз режимге ауыстырады, бұл іс жүзінде өндірістің толық тоқтауын білдіреді.
Жобаның тұрақтылық қоры жоқ
Исмаиловтың айтуынша, мәселе үшінші буын жобасының “шамадан тыс жүктелуінде” емес, оны жобалау логикасында жатыр.
Жоба барынша жоғары қуатта жұмыс істеуге бағытталған. Жүктеме неғұрлым жоғары болса, соғұрлым беріктік қоры мен резервтеу мүмкіндігі азаяды. Мұндай жағдайда энергетикадағы кез келген іркіліс бүкіл кешеннің тоқтауына себеп болады, – деді ол.
Сарапшы түпкілікті қорытындыны арнайы комиссия шығаратынын атап өтті. Дегенмен қазірдің өзінде өндірісті толық тоқтатпай, кезең-кезеңімен бәсеңдетуге мүмкіндік беретін резервтік және апаттық сұлбалардың қажеттілігі айқын көрініп отыр.
Бұл осалдық елдің газ теңгеріміне де тікелей әсер етті. Теңіз Қазақстанның газ жүйесінде маңызды рөл атқарады: кен орнында өндірілетін тауарлық құрғақ газдың басым бөлігі ішкі нарыққа жіберіледі. Сарапшының бағалауынша, өндірістің тоқтауы мен біртіндеп қалпына келуін ескерсек, жеткізілмей қалған газ көлемі 1 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін.
Ең үлкен салмақ Батыс Қазақстандағы жылу энергетикасы мен өнеркәсіптік тұтынушыларға түсті. Мұнда халықты тікелей ажырату туралы емес, қатаң диспетчерлік реттеу мен жүйенің кез келген қосымша ақауға осалдығының артуы жөнінде сөз болып отыр, – деді Исмаилов.
Қаңтардағы оқиғалар Батыс Қазақстанның энергожүйесі ірі қуат көздерінің бірі істен шыққанда әлі де әлсіз екенін көрсетті. Газ теңгерімі барған сайын жекелеген кен орындары мен импортқа тәуелді болып барады, ал балама көздердің құрылымдық шектеулері бар.
Қалыпты жағдайда ресурстар формалды түрде жеткілікті. Бірақ апаттар қайталанса немесе қатарынан бірнеше ақау орын алса, манёвр жасау мүмкіндігі өте шектеулі – жүйе тез арада қолмен басқару режиміне өтеді, – деді сарапшы.
Теңіз маңында қалыптасып жатқан газ-химия кластері газ бен электр энергиясының тұрақты жеткізілуіне негізделген. Апаттан кейін инвесторлар үшін технологиялық және инфрақұрылымдық тәуекелдер күшейе түсті.
Бұл оқиға қызығушылықты мүлде жоймайды, бірақ капиталдың құнын арттырады. Тәуекелдер жобаларға бұрынғыдан да қатаң түрде енгізіле бастайды, – деп түйіндеді Асқар Исмаилов.
Энергетика министрлігінің ұстанымы
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр және үнемі бақылауда. Маңызды кезеңдердің бірі 26 қаңтарда Екінші буын зауытының іске қосылуы болды. Қазіргі таңда шикізат ағыны тәулігіне 2 500 тоннаны құрайды, қуаттылықты біртіндеп арттыру жұмыстары жүріп жатыр.
Ведомство өкілдері барлық жұмыстар “ҚазМұнайГаз” компаниясымен бірлесіп, тұрақты мониторинг режимінде атқарылып жатқанын атап өтті. Негізгі басымдық – өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Оқиға нені көрсетті?
Теңіздегі өрт триггер рөлін атқарғанымен, оның түпкі себебі емес. Бұл жағдай маңызды өндірістік үдерістер бір ғана торапқа шоғырланған, ал тұрақтылық қоры барынша төмен жүйенің осалдығын айқын көрсетті.
Ресми түрде алғанда, жүйе сыннан өтті: өндіріс қайта қалпына келтірілуде, экспорт тоқтаған жоқ, ішкі нарықта тікелей ажыратулар болған жоқ. Алайда салдардың ауқымы тіпті қысқамерзімді іркілістің өзі мұнай өндіруге, газ теңгеріміне, өңірдің энергожүйесіне және инвестициялық күтулерге бір мезетте соққы бере алатынын көрсетті.
Оқиғадан кейінгі басты мәселе – қалпына келтірудің жылдамдығы емес, саланың жүйелік тәуекелдерді басқару тәсілдерін қайта қарауға қаншалықты дайын екенінде.