Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экономист Мақсат Халық доллардың бағамына қатысты пікір білдірді.
Доллардың қатты шарықтап жатқанын көріп отырмыз. Оның негізгі себебі – Ресей мен Украина арасында болып жатқан әскери қақтығыс. Ресей рубльінің 1 долларына 85-ке дейінгі рекордтық құлдырауына қатысты теңгенің де құнсызданып жатқанын көріп отырмыз. Егер де рубль 5,7 теңге болуы керек деп есептейтін болсақ, ол 480 теңгеден асып жығылғанын көруге болады. Осы жағдай әрі қарай жалғасып, күрделене беретін болса, Ресейге санкциялар салынса, жағдай күрделенеді. Мысалы, солтүстік ағын екі газ құбырына шектеу қойды. Жапония жоғары технологияларын экспорттамаймыз деп отыр, - деді ол.
Экономистің айтуынша, АҚШ та «тозақтың санкцияларын саламыз» деген сыңай танытып отыр.
Оның негізгісі swift халықаралық ақша айналым жүйесін тоқтату. Егер де Ресейге осындай санкциялар легі салынса, оның валютасы одан әрі құнсызданады. Сөз жоқ, ол теңгені де артынан тартады. Бүгін Ұлттық банк базалық пайыз мөлшерлемесін 13,5 пайызға көтертті. Бұл теңгемізге де кішкене қуат беруі мүмкін. Бірақ қатты ұстап тұрады деп айта алмаймыз, - деді ол.
Мақсат Халық айтқандай, күні кеше 33 млн доллар көлемінде интервенция да жасалды.
Бірақ ол да теңгенің құнды болып жатқанына әсер етіп жатқан жоқ. Шөл далаға тамызып жатқан тамшы сияқты болып тұр. Сондықтан теңгеміздің әлі де құнсыздануы мүмкін деген сценарий өте көп. Қазір айырбастау пунктілері долларды сатпай отыр. Оның себебі - доллар әлі де өсуі мүмкін деген тұжырым. Сондай-ақ бұл қаншаға дейін жалғасуы мүмкін деген сұрақ туындайды. Әрине, біз жағдайдың қатты шиеленісуін қаламаймыз. Бірақ соғыстың қандай да бір фактілері көбейсе, теңгеге деген қысым да арта түсетіні анық, - деді ол.
Қазақстан Ұлттық банкі барлығы $137 млн сомаға валюталық интервенция жасағанын хабарлады.
Айта кетейік, Ресей мен Украина арасында әскери қақтығыс басталды.