Шілдеде теңге 4%-ға әлсіреді. Ұлттық банк мұның себептерін және жыл соңына дейін қабылданатын негізгі шараларды түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда 2015 жылдан бастап еркін өзгермелі айырбас бағамы режимі енгізілген. Бұл валюта бағамы сұраныс пен ұсынысқа қарай нарықта өзі қалыптасады дегенді білдіреді. Ұлттық банк теңге бағамына нақты болжам жасамайтынын, бірақ нарықтағы теңгерімсіздіктерді тежеу үшін интервенция жасау құқығын сақтайтынын ресми мәлімдеді.
Ұлттық банктің BAQ.KZ тілшісіне берген ресми ақпаратына сәйкес, теңге бағамының ауытқуы нарық қатысушыларының күтулеріне, әлемдік нарықтағы жағдай мен ішкі факторларға тікелей байланысты.
2025 жылғы шілде айының қорытындысы бойынша теңге 1 АҚШ долларына шаққанда 540,72 теңгеге дейін, яғни 4%-ға әлсіреді. Бұл – маусымдық және нарықтық факторлардың әсері.
30 шілде күні ішкі нарықтағы алыпсатарлық қысым мен өтімділіктің төмендеуі аясында Ұлттық банк биыл алғаш рет 125,6 млн АҚШ доллары көлемінде валюталық интервенция жүргізді. Бұл қадам нарықты тұрақтандыру және сұранысқа жауап беру үшін жасалған.
Инфляция неге үдей түсті және не істеліп жатыр?
Ұлттық банк инфляцияны таргеттеу саясатын жалғастырып келеді. Бұл режимнің түпкі мақсаты – бағаның тұрақтылығын сақтау.
2024 жылдың соңынан бастап инфляция қарқыны күшеюде. 2025 жылғы маусым айында жылдық инфляция 11,8%-ға жетті. Оның басты себебі – реттелетін тарифтер мен қызмет көрсету бағасының өсуі. Сондай-ақ азық-түлік тауарлары да қымбаттаған, - делінген Ұлттық банктің ресми жауабында.
Инфляциялық қысымның жалғасуына тарифтік реформалар, тұтынушылық сұраныстың жоғары болуы және бөлшек несиелеудің өсуі әсер етіп отыр.
Осыған байланысты Ұлттық банк ақша-кредит саясатын қатаң режимде жүргізуге бейілді.
Қазіргі базалық мөлшерлеме 16,5% деңгейінде, оны 2025 жылдың соңына дейін сақтау жоспарланып отыр. Қажет болған жағдайда мөлшерлемені көтеру мүмкіндігі де қарастырылады, - дейді Ұлттық банк сарапшылары.
Ұлттық банк неге теңге бағамын ұстап тұрмайды?
Ұлттық банк теңгенің еркін бағамы инфляцияны бақылауға және экономиканың сыртқы әсерлерге бейімделуіне мүмкіндік береді деп есептейді.
Бекітілген айырбас бағамы қысқа мерзімде тұрақтылық бере алады, бірақ ұзақ мерзімге тиімсіз. Ол алтын-валюта резервтерінің сарқылуына және экономикалық теңгерімнің бұзылуына алып келеді, – делінген ресми жауапта.
Керісінше, еркін өзгермелі бағам:
- сыртқы соққыларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді,
- экономикадағы бұрмалануды болдырмайды,
- резервтерді сақтауға ықпал етеді.
Ұзақмерзімді шаралар қандай?
Ұлттық банк теңге бағамын нарық өзі қалыптастыруы тиіс деген ұстанымда. Алайда, негізсіз ауытқу жағдайында интервенция жасау құқығын өзінде қалдырады.
Ұлттық банк валюта нарығын үнемі бақылап отырады. Қажет болса, интервенция арқылы нарыққа қосымша валюта ұсына алады, – делінген жауапта.
Сондай-ақ, теңге іргелі факторлар негізінде өзінің теңгерімді бағамына қарай біртіндеп жылжиды. Бұл тәсіл макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұған дейін экономисит Қазақстанда несиелердің пайыздық мөлшерлемесі неге арзандамайтынын түсіндірген еді.
Сондай-ақ Ұлттық қордың 2024-2025 жылдары қанша пайдаға кенелгенін жазған едік.
Депозитке салатын ақшаның артуы бірнеше негізгі факторға байланысты. Қазақстандықтардың депозиттері қандай жағдайда өсетіні жайлы бұған дейін хабарладық.