Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Теңге мен доллардың болашағы қандай? Экономистер болжам жасады

Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Теңгенің күшеюі уақытша құбылыс па, әлде жаңа тренд пе? Қаржы сарапшылары доллар бағамы мен инфляцияға әсер ететін негізгі факторларды түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстандағы валюта нарығындағы ахуалға ішкі және сыртқы бірқатар факторлар ықпал етіп отыр. Экономистер теңгенің уақытша нығаюы, доллар бағамының келешегі, инфляция және алтын нарығындағы үрдістерге қатысты өз бағаларын ұсынды.

Экономист, қаржы сарапшысы Айбар Олжай теңге бағамына алдағы кезеңде ішкі факторлар көбірек әсер ететінін айтады.

Оның сөзінше, жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда салық апталығы басталады. Бұл – 2025 жылдың төртінші тоқсаны және жыл қорытындысы бойынша ірі компаниялар, соның ішінде экспорттаушылар салық төлеу үшін валюталық түсімдерін теңгеге айырбастайтын кезең.

Осы уақытта теңгеге белгілі бір деңгейде қолдау болады. Алайда ұзақ мерзімді перспективада доллар өз фундаменталды деңгейіне қайта оралады, – дейді сарапшы.

Айбар Олжайдың пікірінше, мұнай бағасын ескергендегі доллардың негізгі, шынайы бағамы 530-550 теңге аралығында. Егер форс-мажорлық жағдайлар болмаса, нарық дәл осы дәлізге бет алады.

Сарапшы доллар бағамының инфляцияға тікелей әсерін асыра бағалауға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бағаның өсуіне ішкі факторлар әлдеқайда ықпалды.

Жанармай нарығын либерализациялау, қыс аяқталғаннан кейін тарифтердің өсуі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауы, жалақы өсімі – мұның бәрі инфляцияға әсер етеді. Сонымен қатар мал шаруашылығымен айналысатын өңірлерде қыстың қалай өтетіні, жем-шөптің жеткіліктілігі де маңызды, – дейді ол.

Сондай-ақ азық-түлік инфляциясына рубль бағамы айтарлықтай ықпал етеді. Себебі Қазақстанға келетін импорттық азық-түліктің шамамен 40 пайызы Ресейден жеткізіледі.

Ал алтын нарығына келсек, Айбар Олжай геосаяси белгісіздік күшейген сайын инвесторлар валюталардан гөрі алтынға басымдық беретінін айтады.

Сауда соғыстары, державалар арасындағы қақтығыстар кезінде капитал алтынға ауысады. Соңғы уақытта алтын бағасы 5 100-5 300 доллар деңгейіне дейін өсті. Қазір кей инвесторлар қымбат бағамен сатып, пайдасын алып жатыр. Бірақ ірі қаржы институттарының болжамына сүйенсек, 2027 жылға қарай алтын бағасы 6 300 долларға дейін жетуі мүмкін, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, алтын бағасының өсуі – нарықтағы тұрақсыздықтың белгісі. Ал алтын арзандай бастаса, бұл геосаяси жағдайдың біршама тұрақтанғанын аңғартады.

Экономист, «R-Finance» микроқаржы ұйымының қаржы кеңесшісі Арман Байғанов доллардың әлсіреп, теңгенің нығаюына бірнеше фактор әсер еткенін атап өтті.

Сарапшының айтуынша, бірінші фактор – жыл басынан бері Ресей рублі долларға шаққанда 3-4 пайызға күшейді. Бұл үрдіске Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресеймен тығыз экономикалық байланыста болуы және ресей рублінің нығаюы да әсер еткен.

Екінші маңызды фактор – соңғы аптада Brent маркалы мұнай бағасының шамамен 10 пайызға өсуі. Арман Байғанов мұның бірнеше себебі бар екенін айтады.

АҚШ-та мұнай өндіру көлемінің төмендеуі, тауарлық қорлардың қысқаруы, сондай-ақ Иран төңірегіндегі геосаяси жағдай мұнай бағасының өсуіне әсер етті. Қазақстан бюджетінің кіріс бөлігінің 50 пайыздан астамы мұнайға тікелей тәуелді болғандықтан, бұл теңге бағамына да оң ықпал етеді, – дейді сарапшы.

Үшінші фактор ретінде ол АҚШ-тағы монетарлық саясатқа қатысты күтулерді атады. Оның сөзінше, Дональд Трамптың Федералды резерв жүйесіне өз кеңесшісін ұсыну жоспары және болашақта ФРЖ саясатына ықпал ету ниеті доллардың әлсіреуіне алып келуі мүмкін.

Трамптың базалық мөлшерлемені жедел төмендетуге ұмтылуы ықтимал. Ал бұл АҚШ валютасының әлсіреуіне тікелей әсер етеді, – дейді Арман Байғанов.

Жалпы алғанда, қаңтар айының қорытындысы бойынша АҚШ долларының индексі шамамен 1 пайызға төмендеген. Сарапшы мұны геосаяси факторлармен және АҚШ-тағы болашақ монетарлық саясатқа қатысты белгісіздікпен байланыстырады.

Байғанов сарапшы Айбар Олжайдың пікірін қолдады. Ол атағандай, қатар теңгені қолдап отырған ішкі факторлар да бар. Қазіргі уақытта Қазақстанда бизнес қауымдастығы корпоративтік табыс салығын төлеу кезеңіне кірді. Экспорттаушылар шетел валютасындағы түсімдерін теңгеге айырбастап, салық міндеттемелерін орындауда.

Бұл – теңгеге қысқа мерзімді қолдау көрсететін ішкі фактор. Алайда теңгенің әрі қарай айтарлықтай күшеюі үшін жеткілікті негіз көріп отырған жоқпын, – дейді сарапшы.

Арман Байғанов алдағы кезеңде салық жүктемесінің артуы, оның ішінде қосылған құн салығының өсуі экономикалық белсенділікке қысым көрсетуі мүмкін екенін де атап өтті. Дегенмен оның айтуынша, бұл әсер уақытша.

Алғашқы кезеңде іскерлік белсенділік біршама төмендеуі мүмкін, алайда екінші жартыжылдықта бизнес жаңа талаптарға бейімделеді. Монетарлық саясаттың қатаңдауы жағдайында теңге күрт девальвацияға ұшырамайды, – дейді ол.

Сарапшының бағалауынша, егер инфляция деңгейі орта есеппен 10-12 пайыз шамасында болса, алдағы бірнеше айда теңге бағамының 5-10 пайыз аралығында құбылу ықтималдығы бар. Ал 20-30 пайыздық айтарлықтай девальвацияның болу ықтималдығы төмен.

Қазіргі жағдайда салық кодексіндегі өзгерістер мен фискалдық саясаттың қатаңдауы бюджет тапшылығының күрт ұлғаюына жол бермейді. Керісінше, кіріс бөлігінің жиналуын арттырып, шығыстарды бақылауды күшейтеді. Бұл ұлттық валютаның тұрақтылығына оң әсер етеді, – деп түйіндеді Арман Байғанов.

Өзгелердің жаңалығы