Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Теңге 3,7%-ға күшейді: Ұлттық банк жаңа мәлімдеме жасады

Олжас АДАЙ
Бүгiн, 13:09
170
Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов
Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамын икемді реттеу саясаты сақталатынын айтып, қажет болған жағдайда валюталық интервенция жүргізуге алтын-валюта қоры жеткілікті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биыл теңге бағамын қалыптастырудың икемді режимі сақталады. Бұл – сыртқы шоктарға қарсы табиғи тұрақтандырғыш. Дегенмен қажет болған жағдайда валюталық интервенция сияқты шешімді шаралар қабылдауға дайынбыз. Алтын-валюта қоры бұған мүмкіндік береді, – деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, сыртқы нарықтардағы құбылмалылық пен валютаға деген сұранысқа қарамастан, жыл қорытындысы бойынша теңге бағамы 3,7 пайызға нығайды. Бұған Ұлттық банктің ақша-несие саясаты мен мемлекеттің жалпы макроэкономикалық саясатына деген сенімнің артуы айтарлықтай ықпал еткен.

Елдің төлем балансына қатысты сауда профицитінің қысқаруы байқалады. Бұл жалпы төлем балансына қысым түсіріп отыр. Оны жақсарту үшін дайын өнім экспортын арттыру арқылы белсенді сауда саясатын жүргізу, отандық тауарлар үлесін ұлғайтып, импорт алмастыруды күшейту қажет. Сондай-ақ логистикалық инфрақұрылым мен кедендік басқаруды жетілдіру маңызды, – деді Ұлттық банк басшысы.

Өзгелердің жаңалығы