«Тең нәтиженің өзі жаман емес»: Болат Есмағамбетов «Қайраттың» мүмкіндігін бағалады

Қазақстандық ардагер футболшы Болат Есмағамбетовтың пікірінше, грек клубының басымдығы бар, ал алматылық команда қарсы шабуылдарға иек артуы мүмкін.

20 Қазан 2026, 15:21
АВТОР
 qazsport/telegram 20 Қазан 2026, 15:21
20 Қазан 2026, 15:21
116
Фото: qazsport/telegram

22 қазанда алматылық «Қайрат» Конференция лигасы аясында грек клубы «Панатинаикоспен» өз алаңында кездеседі. Қазақстан футболының ардагері Болат Есмағамбетов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында алдағы матчтан не күтетінін, неліктен грек командасын фаворит санайтынын және алаң иелері үшін қандай нәтиже қолайлы болатынын айтты.

Болат Есмағамбетовтің пікірінше, алдағы кездесуде басымдық грек клубы жағында. Ол мұны Грекия чемпионатының деңгейінің жоғары әрі «Панатинаикостың» құрамы мықты болуымен байланыстырады.

Менің ойымша, Грекия чемпионаты біздің чемпионаттан екі есе мықты. «Панатинаикос» – тарихы бар, Еуропада оңайлықпен беріле қоймайтын команда. Бұл – қаржылық мүмкіндігі жоғары, жеке шеберлігі жағынан мықты футболшылары бар клуб. Сондықтан «Қайратқа» оңай болмайды, – деді Есмағамбетов.

Оның бағалауынша, өз алаңында ойнағанына қарамастан, алматылық құрама қарсыласының ойын мәнері мен әлеуетін ескеруі керек. Сарапшы грек клубы допқа көбірек иелік етіп, ойын қарқынын бақылауға тырысады деп есептейді. Ал «Қайрат» жылдам қарсы шабуылдарға басымдық беруі мүмкін.

Грек командасы ойынды бақылап, қарқынды өзі белгілеуге тырысатын шығар. Біздің жігіттер қарсыластың деңгейін түсініп, қарсы шабуылдарға иек артуы мүмкін. «Қайрат» өз алаңында ойнайды, мұндай қарсыласпен де ойнауға болады. Дегенмен оңай болмайды, – деді ол.

«Қайраттың» шабуыл шебінде қандай мәселелер бар?

Ардагер футболшы алматылық команданың осал тұстарының бірі ретінде шабуыл шебін атады. Оның айтуынша, құрамдағы өзгерістер де ойынға әсер еткен: шабуылшылардың бірі Англияға кетсе, екіншісі жарақат алған.

Қай жерде ротация жетіспеген сияқты. Екі шабуылшыға қатысты да жолымыз болмады: біреуі Англияға кетті, екіншісі жарақат алды. «Қайраттың» шабуылдағы байланысы біраз ақсады. Қазір Гуаль гол соғып жүр, бірақ, өкінішке қарай, қалған ойыншылар әзірге көп көзге түсе қойған жоқ. Екінші айналымда шабуылда белгілі бір қиындықтар туындап, команда тұрақты өнер көрсете алмады, – деп түсіндірді Болат Есмағамбетов.

Сонымен қатар ол Конференция лигасының алғашқы турынан кейін «Қайраттың» ойынына түпкілікті баға беруге әлі ерте екенін айтты. Жалпы кезеңнің алғашқы кездесуінде алматылық клуб сырт алаңда «Ригамен» 1:1 есебімен тең түсіп, алғашқы ұпайына қол жеткізді.

«Қателіктермен жұмыс жүргізіледі»

Болат Есмағамбетов маусым аяқталғаннан кейін команда құрамында өзгерістер болуы мүмкін деп санайды. Оның сөзінше, ішкі чемпионат пен еурокубоктердегі нәтижелер қай позицияларды күшейту қажет екенін көрсетеді.

Қателіктермен жұмыс міндетті түрде жүргізіледі. Біреулермен қоштасып, орнына жаңа ойыншылар шақыруы мүмкін. Егер команда чемпион атанбаса және еурокубоктерде сәтсіз өнер көрсетсе, демек, белгілі бір мәселелер бар, – деп есептейді ол.

Ал «Панатинаикоспен» өтетін кездесуге қатысты сарапшы «Қайрат» үшін тең нәтиженің өзі жаман болмайтынын айтты.

Осындай мықты қарсыласпен ойында тең түсу де «Қайрат» үшін жаман нәтиже болмас еді, – деп түйіндеді Болат Есмағамбетов.

«Қайрат» пен «Панатинаикос» арасындағы матч 22 қазанда Алматының Орталық стадионында өтеді. Бұл – Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі екінші тур кездесуі.

Тағы оқи отырыңыз: «Өзбектер!»: «Ақтөбе» футбол клубы дауға қалған жанкүйер қыздардың айыппұлын төлейді 

Наверх