Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Теміржолшыларға баспана: Президент ҚТЖ бастамасын қолдады

Бөлісу:
 Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның өткен жылы атқарған қызметінің нәтижелері жөнінде мәлімет беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақорданың баспасөз қызметі мәлім еткендей, Талғат Алдыбергенов тарифтік жүк айналымы 10 пайызға артып, 289 миллиард тонна-шақырымды құрағанын айтты. Тасымал көлемі 5,5 пайызға ұлғайып, 320 миллион тоннаға дейін жеткен. Экспорттық тасымал 89 миллион тоннадан асты. Жүк транзиті 20 пайыздан астам өсіп, 33 миллион тонна болды.

Президентке былтыр пайдалануға берілген Достық – Мойынты темір жолының екінші желісі арқылы 6 миллион тонна немесе 100 мың вагоннан аса жүк жеткізілгені баяндалды. Алматы бекетін айналып өтетін темір жолдағы техникалық қозғалысқа рұқсат етілді, - деп баяндады «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы.

Теміржол инфрақұрылымдарын тарту және жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жобалардың жалпы ұзындығы 3900 шақырымды құрайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа компания қызметінде қауіпсіздікті, тиімділік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін жасанды интеллектіні енгізу арқылы цифрлық жобалар жүзеге асырылып жатқаны айтылды.

Тәлімгерлік институты жолға қойылып, жастар кадрлық резерві жасақталған.

Президент әлеуметтік мәселелерді шешудің маңызын атап өтіп, теміржолшыларға арналған қолжетімді тұрғын үй салу бастамасын құптады, - деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамын трансформациялауды жалғастыру, ірі шетелдік компаниялармен ынтымақтастықты нығайту, цифрлық шешімдерді енгізу, мультимодальдық логистиканы дамыту мақсатында инфрақұрылымдарды кеңейту жөнінде тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы