- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Теміржолдан әлеуметтік нысандарға дейін: Integra қандай құрылыс жобаларын жүзеге асырып жатыр?
Теміржолдан әлеуметтік нысандарға дейін: Integra қандай құрылыс жобаларын жүзеге асырып жатыр?
2026 жылы компания алты өңірде 225 шақырым теміржолды жаңартып, жаңа магистральдар, вокзалдар, автожолдар мен әлеуметтік нысандар құрылысын жалғастырды.
23 Қазан 2026, 16:45
Қарқынды құрылыс жұмыстары аясында Integra Construction KZ биыл да Қазақстандағы бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысып жатыр. Компанияның теміржол, автомобиль жолдары, көпірлер мен әлеуметтік нысандар салу бағытындағы жұмыстарына BAQ.KZ тілшісі шолу жасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарын сайлау кезінде дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап беріп, елдегі құрылыс инфрақұрылымын дамытуға қатысты ауқымды жоспарларымен бөлісті.
Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Әр облыс орталығында, аудандар мен қалаларда ірі құрылыс жобалары жүзеге асырылады. Емханалар, балаларды оңалту орталықтары және басқа да әлеуметтік нысандар салынады, – деді Президент.
Осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатқан компаниялардың бірі – Integra Construction KZ. Кәсіпорын теміржол желілерін салу мен жаңғыртудан бастап, автожолдар, көпірлер және әлеуметтік нысандар құрылысына қатысып келеді.
Теміржол құрылысы – негізгі бағыт
Қарқынды құрылыс жұмыстары аясында Integra Construction KZ компаниясы 2026 жылы да бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қатысты. Олардың қатарында теміржол желілерін жаңғырту, жаңа жол учаскелерін салу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және спорт нысандарын тұрғызу жобалары бар.
2026 жылы компания теміржолдарды күрделі жөндеу жұмыстарын да жалғастырды. Кәсіпорынның ұсынған деректеріне сәйкес, жылдық жоспар аясында магистральдық желінің алты учаскесінде жалпы 225 шақырым рельс-шпал торы жаңартылған. Жұмыстар Қостанай, Көкшетау, Маңғыстау, Қызылорда, Атырау және Қарағанды өңірлерінде жүргізілген.
Ең үлкен көлем Қостанай магистральдық желі бөлімшесіне тиесілі: мұнда 70 шақырым жол жаңартылған. Көкшетау бөлімшесінде 42 шақырым, Маңғыстауда 32 шақырым, Қызылордада 31 шақырым, Атырауда 30 шақырым және Қарағандыда 20 шақырым жолға жаңа рельс-шпал торы төселген.
«Мойынты – Қызылжар»: 323 шақырымдық жаңа желі
2026 жылғы 3 қыркүйекте Қарағанды және Ұлытау облыстары аумағындағы «Мойынты – Қызылжар» теміржол желісінің негізгі жолын төсеу кезінде маңызды кезеңге қол жеткізілді. Екі бағыттан жүргізілген рельс-шпал торын төсеу жұмыстары түйісіп, ұзындығы 323,3 шақырым болатын желінің негізгі жолы біріктірілді.

Құрылысқа шамамен 2 мың жұмысшы мен 700-ден астам техника жұмылдырылған. Жұмыстар бір мезгілде екі учаскеде жүргізілген: бір жағынан 191 шақырымға жуық, екінші жағынан 120 шақырымнан астам жол төселген.
«Дарбаза – Мақтаарал»: Өзбекстанмен көлік байланысын дамыту
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан тағы бір ірі жоба – «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі. Құрылысты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысы бойынша Integra Construction KZ жүргізіп жатыр.

Жобаның ұзындығы шамамен 172-174 шақырым деп көрсетіледі. Жаңа желі Сарыағаш теміржол торабына түсетін жүктемені азайтып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жүк тасымалына қосымша бағыт қалыптастыруға тиіс.
2026 жылғы соңғы жарияланған мәліметтерде жер қазу жұмыстарының көлемі 9,1 миллион текше метрге жеткені, ал 19,8 шақырымға рельс-шпал торы төселгені айтылған. Сол кезеңде көпірлер, су өткізетін құбырлар және басқа да инженерлік құрылымдар салу жұмыстары жалғасқан.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін Қытай мен Ресейден келетін жүк ағындарын Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан және Иран бағыттарына жеткізу мүмкіндігі кеңейеді деп күтіледі. Сондай-ақ Түркістан облысының Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарының көлік байланысын жақсарту көзделген. Құрылыс мерзіміне қатысты жарияланымдарда 2026 жылдың соңына дейін аяқтау мақсаты көрсетілген.
Алматы айналма теміржолы және вокзалдарды жаңғырту
Integra қатысқан тағы бір ірі жоба – Алматы қаласын айналып өтетін 75 шақырымдық теміржол желісі. Бұл бағыт қаланың теміржол тораптарына түсетін жүктемені реттеуге және пойыздардың қозғалысын тиімді ұйымдастыруға бағытталған.
Компанияның жұмысы жаңа магистральдар салумен шектелмейді. 2025-2026 жылдары Ақмола облысындағы бірқатар теміржол вокзалы жаңғыртылды. Жұмыстар Мемлекет басшысының ескі вокзалдарды жаңарту жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізілген.
Компания мәліметтері бойынша, өңірде 13 вокзалды жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Олардың бір бөлігі толық бұзылып, орнына жаңа ғимараттар салынса, кейбірі күрделі жөндеуден өткен.
Атап айтқанда, Атбасар қаласындағы вокзалдың ескі ғимараты 1956 жылы салынған. Оның орнына ауданы 823,39 шаршы метр болатын жаңа ғимарат тұрғызылған. Жолаушыларға арналған бөлмелер, балалар аймағы, алғашқы медициналық көмек кабинеті және қозғалысы шектеулі азаматтарға арналған инфрақұрылым қарастырылған.

Есіл қаласында да жаңа вокзал салынды. Оның ғимаратының ауданы 485,4 шаршы метрді құрайды. Жағалық платформаның ұзындығы 460 метр, аралдық платформаның ұзындығы 405 метр болған.

Ерейментау, Еркіншілік, Үленті және Державинск елді мекендеріндегі ескі вокзалдардың орнына жаңа ғимараттар салынса, Жалтыр станциясындағы вокзал күрделі жөндеуден өткен. Сарыоба, Аршалы және Жақсы станцияларындағы ғимараттар да жаңғыртылған. Шортанды мен Ақкөл станцияларында да құрылыс жұмыстары жүргізілген.


Жаңартылған вокзалдарда тактильді навигация, Брайль қарпімен жазылған ақпараттық сызбалар, қозғалысы шектеулі адамдарға арналған санитарлық бөлмелер және балалы жолаушыларға арналған аймақтар қарастырылған.
Автожолдар мен көпірлер
Түркістан облысында Integra Construction KZ Сарыағаш қаласын айналып өтетін жаңа автожолдың құрылысын жүргізіп жатыр. Жобаның жалпы ұзындығы 102,6 шақырымды құрайды. Оның 55 шақырымдық бөлігін Integra «Сине Мидас Строй» компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда.

Жоба бойынша төрт жолақты, Iа санатындағы автомобиль магистралін салу көзделген. Жол мемлекеттік шекараға тікелей шығуға мүмкіндік беріп, қолданыстағы трассалардағы көлік жүктемесін азайтуға тиіс. Жоспарға көлік айрықтары, көпірлер, жол өткелдері, жаяу жүргіншілер өткелдері, аялдамалар мен демалыс алаңдары кіреді.
Семей қаласында да жаңа көпір құрылысы жалғасып жатыр. Жобаның жалпы ұзындығы 1 350 метр, оның негізгі бөлігі 810 метрді құрайды. Көпірдің ені 23 метр болады деп жоспарланған.

Соңғы деректерге сәйкес, тоғыз тіректің сегізі тұрғызылғаны және жоспарланған 8 625 тонна металл аралық құрылыстың 3 695 тоннасы монтаждалғаны айтылған. Жаңа көпір қаланың оң және сол жағалауын байланыстырып, қолданыстағы көпірге түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.
Білім беру және денсаулық сақтау нысандары
Integra әлеуметтік инфрақұрылым құрылысына да қатысады. Компанияның мәліметінше, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында соңғы екі жылда Қазақстанда 15 білім беру нысаны салынған. Оның жетеуі Астанада, қалған сегізі еліміздің басқа қалаларында орналасқан.
Осы мектептердің бірі Тараз қаласында бой көтерген. Жоба архитектуралық және интерьерлік шешімдері үшін «Үздік дизайн» номинациясы бойынша марапатталған. Мектепте 59 оқу кабинеті, екі спорт залы, акт залы, кітапхана, зертханалар, шеберханалар және коворкинг орталықтары қарастырылған.
Алматыда компания денсаулық сақтау саласындағы бес жобаны қатар жүзеге асырып жатыр. Олардың қатарында үш емхана және екі перзентхана бар. Емханалар Шұғыла және Алтай-1 шағын аудандарында, сондай-ақ Әйтеке би көшесінде салынып жатыр. Перзентханалар Сейфуллин даңғылы мен Жангелдин көшесінде орналасқан.
Жобалар Алматының Наурызбай, Алмалы, Медеу және Түрксіб аудандарын қамтиды. Емханалар ауысымына 500 адам қабылдауға есептелген. Перзентханаларда 36 төсек-орын қарастырылған.
Алматының Жас Қанат шағын ауданында балалар мен жасөспірімдерге арналған Даму және шығармашылық орталығының құрылысы да жүргізіліп жатыр. Жобаның аумағы 2,2 гектар, ғимараттың жалпы ауданы 14 мың шаршы метр болады. Орталықта спорт залдары, бассейндер, өнер және музыка студиялары, дизайн мен 3D-модельдеу кабинеттері, робототехника және инженерлік шығармашылық зертханалары жоспарланған.
Нысан бір мезгілде 1 356 адамды қабылдауға есептелген. Оның ішінде 300 орындық көрермен залы мен 508 орындық спорт трибуналары бар.
Спорт инфрақұрылымы: Көкшетаудағы жаңа стадион
Компанияның құрылыс бағыттары қатарында спорт нысандары да бар. 2026 жылғы 29 сәуірде Көкшетауда жаңа футбол стадионының құрылысына ресми түрде кірісу рәсімі өтті.
Жоба бойынша стадион 10 мың көрерменге есептелген және УЕФА-ның төртінші санат талаптарына сәйкес салынуы тиіс. Жабық арена форматындағы нысан футбол матчтарын ғана емес, жыл бойы мәдени және қоғамдық іс-шараларды өткізуге де мүмкіндік бермек.
Ең оқылған:
- Қазақстанда әскерге шақырудың жаңа үлгісі енгізіледі
- Шығыс Қазақстан облысында 650-ден астам адам Қазақстан азаматтығынан айырылды
- «10 млн теңге бермесең, көлігіңмен бірге өртейміз»: Шымкентте кәсіпкерді бопсалаған екі ер адам ұсталды
- Түркі әлемі біріксе, әлемдегі ең ірі экономикалардың қатарына қосыла ала ма?
- Балабақшадағы зорлық-зомбылық: Таразда екі жасар баланы ұрған тәрбиеші тергеуге алынды
Жанерке Жәкен