Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Теміржол саласы жаңарады: 2029 жылға дейін не өзгереді?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
19 Тамыз 2025, 10:42
1192
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
Фото: Артём Чурсинов - архив

Теміржол саласындағы өзгерістер жайлы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан теміржол саласы ауқымды жаңарту кезеңіне қадам басып жатыр. Бүгінгі таңда еліміздің локомотивтер паркі 1 967 бірлікті құрайды. 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 456 жаңа локомотивпен толықтыру көзделіп отыр. Жаңа техника қазақстандық «Электровоз құрастыру зауыты» мен «Локомотив құрастыру зауыты», сондай-ақ Қытайдың CRRC компаниясынан жеткізіледі, - деді министр.

АҚШ-тың Wabtec компаниясы жүргізген талдауға сәйкес, қазіргі қолданыстағы локомотивтер заманауи талаптарға сай және болашақтағы тасымал көлемін тиімді қамтамасыз ете алады.

Бүгінде ел аумағында 300-ден астам жүк тасымалдаушы оператор жұмыс істейді. Олардың иелігінде 142 мың жүк вагоны бар. Бұл көрсеткіш қазіргі жүк тасымалының сұранысын толықтай қамтып отыр. Оның ішінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының үлесі – 41 пайыз. Бұл вагондар, негізінен, әлеуметтік маңызы бар бағыттарда қолданылады – деп айтты Нұрлан Сауранбаев Үкіметте.

Сонымен қатар 2029 жылға дейін операторлар тарапынан 7 мыңнан астам жаңа жүк вагонын сатып алу жоспарланған. Бұл жүк тасымалының артып келе жатқан әлеуетін сақтауға және дамытуға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы