Теміртауда қоғамдық көлік жүргізушісі жолаушыға қол көтерген. Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады. Кадрларда автобус жүргізушісі алдымен жолаушыға наразылық білдіріп, кейін оны қоғамдық көліктен күштеп түсірмек болғаны көрінеді.
Бұл жағдай жолаушыға қатысты бейәдеп сөздермен қатар жүрген. Сипаттамада жолаушы жүргізушіні арандатпағаны және өзін сабырлы ұстағаны айтылған.
Аймақтық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, жанжал жолаушының автобус ішінде тамақтануына байланысты туындаған. Бұл жүргізушіге ұнамай, ол жігіттен автобустан түсіп кетуді талап еткен.
Анықталғандай, 20 жастағы жолаушы артынан жинап, өз еркімен автобустан түскен. Сондай-ақ сөзге келу барысында жүргізуші қоғамдық тәртіп нормаларын бұзатын сөздер айтқаны тіркелді. Полицейлер ер адамның жеке басын анықтады – ол 43 жастағы өңір тұрғыны. Оған қатысты қоғамдық орында балағат сөздер қолданғаны үшін ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материалдар сотқа жолданды, – деп хабарлады ведомство.
Полиция қоғамдық көлікте тәртіп сақтау барлық қатысушылар үшін міндетті екенін еске салды. Алайда кез келген даулы жағдайлар заң аясында шешілуі тиіс.