Теміртауда 40 мыңнан астам ағаш отырғызу ұсынылды

25 Қаңтар 2019, 15:36
2497
Бөлісу:
Теміртауда 40 мыңнан астам ағаш отырғызу ұсынылды

Астана, BAQ.KZ. Теміртауда 2030 жылға дейін шамаланған дендрологиялық жоспар құрылды. Оны осы жылдан бастап іске асыра бастайды. Құжатта қаланы қалай көгалдандыру керектігі егжей-тегжейлі жазылған. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

«Жоба бойынша 41 898 дана жасыл желектер отырғызу жоспарланған: 7 398 ағаштар мен 34 500 тал-шіліктер. Алдын ала есептеулер бойынша бұл мақсаттарға 1,7 млрд теңге қажет болады. Ағаштарды отырғызу орындары анықталып, егетін материалдар бойынша нұсқаулықтар беріліп, көгалдандырылатын аудан белгіленді», - дейді Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов Облыстық қоршаған ортаны қорғау кеңесінің отырысында.

Қылқанжапырақты ағаштардың түрлерінен дендрологиялық жоспар құрушылар қарағай, сағызқарағай және аласа майқарағайды ұсынған. Ал жапырақты ағаштардан: шаған, қайың, үйеңкі мен шегіршін, бұталардан – арша, мамыргүл, қаржеміс, спирея, бөріжидек және жасаман егу ұсынылып отыр.

Қала әкімінің айтуынша, 2019-шы жылы бюджеттік қаражат есебінен саябақтар мен гүлзарларда мыңнан астам жасыл желектер отырғызу жоспарлануда. Тағы 500 ағашты «АрселорМиттал Темрітау» компаниясы өз қаржысына отырғызуға уәде берді.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов басқа кәсіпорындарға да қаланы көгалдандыруға үлес қосуға шақырды.

«Бұл сіздердің қалаларыңыз. Біз барлығымыз бірлесіп, оны таза және жасыл етіп, жерлестеріміздің денсаулығы үшін қауіпсіз етуіміз керек», - деп атап өтті аймақ басшысы.

«Елбасы жариялаған Жастар жылында «Жасыл ел» жасақтарының сарбаздары қаланы көгалдандырудағы жұмыстарын белсендірек етіп, үдетеді», - деді Ғалым Әшімов. Ол үшін қалалық бюджетте қаражат қарастырылған.

Ол қоршаған ортаны қорғауға насихаттау мақсатында қалада «Жасыл даму мектебі» атты әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.

Теміртау әкімі қоршаған ортаны ластауды төмендету мақсатында қалалық қоғамдық көлікті газбен жүру жүйесіне ауыстырып жатқанын хабарлады. Автопарктің бестен бір бөлігі қайта жабдықталған. Биылғы жылы жолаушы тасымалдаушылар 23 жаңа автобус сатып алды.

Өзгелердің жаңалығы