Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мемлекеттерді 2025 жылға дейін темекі, алкоголь және қант қосылған сусындардың бағасын қымбаттатуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұйым зиянды ұйымдардың бағасын кем дегенде 50 пайызға көтеруге шақырып отыр. Ұйым бұл бастаманы "3 бойынша 35" деп атады. Мақсат — созылмалы аурулардың алдын алу, мемлекеттік бюджет кірісін арттыру және денсаулық сақтау жүйесін нығайту.
ДДСҰ деректеріне сүйенсек, жүрек-қантамыр, обыр және қант диабеті сынды инфекциялық емес аурулар жер шарындағы өлім-жітімнің 75 пайызынан астамына себепкер. Осы зиянды өнімдердің бағасын 50 пайызға арттыру арқылы алдағы 50 жылда 50 млн адамның өмірін сақтап қалуға болады.
Денсаулықты қорғауға бағытталған салықтар — біздің қолымыздағы ең тиімді құралдардың бірі. Олар халықты зиянды өнімдерден алшақтатып, мемлекетке денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғауға қаржы құюға мүмкіндік береді. Енді әрекет ететін уақыт келді, - деді ДДСҰ-ның халық денсаулығын нығайту жөніндегі бас директорының көмекшісі доктор Джереми Фаррар.
1 трлн доллар – он жылдық мақсат
Бастама алдағы онжылдықта зиянды өнімдерге салық арқылы 1 трлн доллар жинауды көздейді. 2012–2022 жылдар аралығында әлемнің 140-қа жуық елі темекі өнімдеріне салықты көтеріп, бағаны 50 пайыздан аса арттырған. Бұл — ауқымды өзгерістерге қол жеткізуге болатынын көрсетеді.
Мәселен, Колумбия мен Оңтүстік Африкада салықтың артуы тұтыну деңгейін төмендетіп, бюджет кірісін көбейткен. Алайда көптеген ел әлі де темекі және алкоголь өндірушілерге жеңілдіктер ұсынып келеді. ДДСҰ мұндай салықтық артықшылықтарды алып тастауды ұсынады.
"3 бойынша 35" бастамасының негізгі бағыттары:
- Зиянды өнімдердің қолжетімділігін төмендету
- Тұтынуды азайту үшін темекі, алкоголь және тәтті сусындардың бағасын көтеру.
- Денсаулық сақтау мен даму үшін қосымша қаржы тарту
- Ішкі салық түсімдері арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру және денсаулық сақтау жүйесін кеңейту.
- Кең қоғамдық және саяси қолдау қалыптастыру
Үкімет, Парламент, ғылыми қауымдастық пен азаматтық қоғам арасында әріптестік орнату арқылы тиімді салық саясатын жүзеге асыру.
ДДСҰ бұл бастаманы халықаралық серіктестермен бірлесіп іске асырады. Ұйым елдерге техникалық көмек, саяси кеңес беру және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін ұсына отырып, инфекциялық емес ауруларға қарсы күресте жүйелі тәсілді қалыптастырады.
ДДСҰ мемлекеттерді, ҮЕҰ мен даму серіктестерін "3 бойынша 35" бастамасын қолдауға шақырып, денсаулықты сақтау жолында тиімді салық саясатын енгізуге үндейді.