Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Блогер Азамат Ерғали Facebook-тегі парақшасында Еуразия бірінші арнасында ауа райына қатысты бағдарламаны жүргізетін аты шулы экс-депутат Динагүл Тасованың Рамазан айында ашық-шашық киінетініне наразылығын білдірді.
Менің басқа біреудің киім-кешегінде шаруам жоқ. Дегенмен бұл телеарна мемлекеттік бюджеттің қарамағында. Неге осыған қатысты көзқарасын айтпасқа? Меніңше, жүргізушінің киімі анайы. Қазір барша мұсылман ораза тұтып жатыр. Телекөрермендерге сыйластықпен қарап, қарапайым киінуге болады ғой. Оған қоса бұл бағдарлама қазақша жүргізіледі. Оның орысша нұсқасын да қарап шықтым, онда жүргізушінің киімі қарапайым. Мүмкін Еуразия бірінші арнасында дұрыс костюмдер таусылған болар? Мен бәрін түсінемін, рейтинг деп жанталасады...Сонда да әріптестер, сіздердің талғамдарыңызға не болды?.., - деп жазды ол.
Айта кетейік, Динагүл Тасова аталған бағдарламаны былтырғы желтоқсан айынан бастап жүргізіп келеді. Оның студиядағы киімдері жүргізушінің сымбатты мүсінін айшықтап тұрады. Әр бағдарлама сайын ол кеудесі ашық киімдер киіп шығады.
Алғаш рет Динагүл туралы ақпарат Fashion Night Astana көрсетілімінен кейін тарады. Ол кезде Тасова кеудесі анық көрініп тұрған ашық түсті блузка киіп шыққан еді.
Сол уақытта Динагүл Тасованың Астана қаласы жастар мәслихаты VII шақырылымының депутаты, журналист әрі модель болғаны анықталды.
Сонымен қатар Динагүл Тасова BAQ.KZ ақпарат агенттігінің «Желмая» жобасында қонақта болып, модельден атышулы депутатқа дейінгі жолы туралы айтып берді.