Тель-Авивтен қазақстандықтар мінген ұшақ Алматыға қонды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Борт Тель-Авивтен Астана уақыты бойынша сағат 16:45-те ұшып шыққан. Ұшақ Ақтау арқылы Алматыға ұшып келді.
Борт ішінде 166 жолаушы бар. Олардың ішінде 14 адам «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтіп жатқан стипендиаттар.
Тел-Авивтен ұшып келген қазақстандық Артур Ковалевский өз елін шексіз мақтан тұтатынын айтты.
Өз елімді өте мақтан тұтамын. Қателеспесем, Қазақстан - өз азаматтарын қайтарып алған жалғыз ел. Чат, бәрі-бәрі дереу ашылды. Онда министрліктің, Air Astana-ның қызметкерлері жан-жақты қолдау көрсетті. Қазақстан өз азаматтарын дереу қайтарып алған жалғыз мемлекет екенін қайталап айтқым келеді. Сол үшін де алғысымыз шексіз", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Палестина-Израиль қақтығысына байланысты мәлімдеме жасаған еді.
"Қазақстан тарапы көп бейбіт тұрғынның қаза болуына әкеп соққан Палестина-Израиль қақтығысының өршуіне алаңдап отыр. Тараптарды ахуалды бейбіт жолмен шешу үшін саяси құралдар іздестіруге және тек екі мемлекет арасындағы емес, жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал іс-әрекеттерге бармауға шақырамыз", - деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.