Текелі әлі газ бен судан тарығып отыр

18 Маусым 2024, 17:27
425
Бөлісу:
Текелі әлі газ бен судан тарығып отыр
Фото: автордан

Текеліліктер 5 жылдан бері көгілдір отынды күтіп отыр. Жыл сайын жөнделетін су желілерінен де мезі болған халық, облыс әкіміне сауалды төтесінен қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көп күттірген көгілдір отын

Моноқалаға арнайы іссапармен барған облыс басшысы Бейбіт Исабаевқа қала тұрғындары «Қашан таза су ішеміз?», «Үйге қашан газ кіреді?» деген сауал жолдады. Әбден қала әкімінің уәдесіне тойған жұрттың жаңайқайы орынды. Жылда таза су береміз деп уәдені үйіп-төгетін шенеуніктерге ешкім сенбейді. Көктем бастала лай суды тұтынуға мәжбүр болған ағайынның арзуы орынды. Оның үстіне қала басына кірген газ желілері әлі толық аяқалмай әбігерге салуда. Мұны халық жақсы түйсінеді.

Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жылдар бойы күрмеуі шешілмей келе жатқан ауыз су мен табиғи газ мәселесі осы күзде толықтай шешімін табады. Бүгінде газ желілерінің 70 пайыздан астамы аяқталған. Қазір жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.

Шағын шаһардағы газ тарату желісінің құрылысын «Алия Сервис» ЖШС мердігер мекемесі жауапты. Газ желісінің жалпы ұзындығы - 194,3 шақырымды құрайды. Осы күні 142 шақырымға желілер тартылды. Қаладағы 190 көп қабатты үйдің қазіргі кезде 176-сы газ желісіне байланыстырылды. Тұрғындар көп ұзамай көгілтір отынға қол жеткізеді. Жыл соңынан дейін жұмыс өз нәтижесін береді, - дейді облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов.

Текелі әлі газ бен судан тарығып отыр

Жалпы қалаға газ тарту жобасының жалпы сметалық құны – 5,6 млрд. теңгені құрайды. Өткен жылы 3 млрд теңгеге жуық сома игерілген еді. Осы жылы қалған қаражат толықтай берілді. Алдағы қараша айында бөлінген қаржы түгел игеріліп, табиғи газға қосуға толық мүмкіндік болады деп күтіліп отыр.

Текелі моноқала болғанымен маңайдағы халық жер үйлерде тұрады. Олардың басым бөлігі көмір жағады. Қыс бастала Текелінің аспаны көк түтінге оранатыны содан. Оның үстіне үлкен кәсіпорындар газ желісіне жалғанбағандықтан, олар да көмір не дизель отынының пайдалануға мәжбүр. Бұл қаланы ғана ластап қоймайды, кәсіпорын өндіретін өнімнің бағасына да әсер етеді. Сондықтан қалалық жерге газ тарту маңызға ие. Мұны Мемлекет басшысы да айтұан болатын. Талдықорған қасындағы ауылдардың көбі газға қол жеткізді. Негізі алдымен Текеліден бастау қажет еді. Жыл соңына дейін аяқтаса, халық үйіне кіргізуге әзір отыр, - дейді қала тұрғыны, ардагер Әлеумет Әбсаматов.

Халық газ желісі іске қосылғаннан кейін тұрғындарға жеңілдетілген бағамен баспанасына кіргізіп беруді өтініп отыр. Себебі қыс уақытында газ пештер қымбаттап, халық тағы да әбігерге түседі. Оны да ойлаған жөн.

Текелі әлі газ бен судан тарығып отыр

Өзенмен келген ауыз су

Осы күнге дейін ашық өзен суынан алынатын ауыз су енді арнайы қазылған 3 ұңғымадан тартылмақ. Алдағы уақытта сүзгі станциясының ішкі қондырғылары жөнделіп, текеліліктер таза ауыз суға қол жеткізетін болады. Мұны өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың өзі текеліліктердің алдында ашық айтты. Енді таза судан мәселе болмайтынына тағы да сендірді.

Текелі қаласы халқының ондаған жылдар бойы шешілмей келе жатқан екі жүйелі мәселесі – газдандыруы мен ауыз суының мәселесі биыл шешіледі. Соның ішінде газдандыруды жоспар бойынша қараша айында аяқтауымыз керек. Сонда «Текелі Энергокешені», «Текелі тау кен байыту кешені», «Электромарганец» сияқты жүйе құраушы ірі кәсіпорындардың барлығына, жалпы қала халқына газға қосылуға мүмкіндік жасалады. Бұған дейін Текелі халқына ауыз су Шажа мен Қора – екі өзеннен, яғни жер бетіндегі су көздерінен алынып, ескі фильтрлеу станциясы арқылы өтіп беріліп келді. Халықтың тарапынан объективті түрде арыз-шағымдар түсетін, әсіресе, көктем-жаздағы жауын-шашын кездерінде судың лайлануы байқалады, сапасы төмендейді. Сондықтан біз былтыр 3 ұңғыма қазып, су шығардық, 16 шақырым желіні жаңадан тарттық. Сонымен қатар әрқайсысы 3 мың м3 болатын 2 резервуар салынды, - деді Бейбіт Исабаев.

Осы жылы жергілікті бюджет есебінен арнайы қаржы бөлініп, фильтрлеу станциясының ішіндегі қондырғылар жасалады. Соның нәтижесінде сағатына 600 куб су сүзгіден өткізіп, таза су беруге мүмкіндік тумақ. Осылайша текеліліктер тазарған ауыз су тұтына алады. Мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасына, тұрмыс жағдайына оң әсер ететін негізгі фактордың бірі. Сондықтан нысандардың құрылыс жұмыстары ең бастысы сапалы жасалуын қадағалау шарт.

Бұл мәселені шешу мақсатында қалада сумен қамту инженерлік желілерінің құрылысы жүргізіліп, жоба жоспарға сәйкес аяқталды. Ендігі мәселе - бұрыннан қолданыстағы су құбыры желілерінің едәуір тозып кетуіне байланысты, ондағы 400-ге жуық ысырманы ауыстыру. Бұл жұмыс осы маусым айында басталады. Су сорғы станциясына ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Құрылыс жұмыстарының бәрі қыркүйек айында аяқталып, таза ауыз су беріледі деп межеленіп отыр. Оған қоса кезең-кезеңімен қаланың магистралды су желісіне, сол сияқты «Металлург», «Достық», «Алатау» шағын аудандарындағы су құбыры желілеріне қайта жаңғырту жүргізу жоспарланған, - дейді қала әкімі Алмас Әділ.

Текелі әлі газ бен судан тарығып отыр

Жұрт күткен жаңа пәтерлер

Текелі де баспана мәселесі де әлі бірізге қойылмаған. Қаншама жылданбері кезек күткен халықтың шымады таусылуға жақын. Қазір қалада мыңдаған адам үй кезегінде тұр. Осы ретте Қора көшесінің бойына 40 пәтерлі екі үй тұрғызылған еді. 

Биыл баспана текеліліктерге табысталады. Оның 1-еуі – жалгерлік, екіншісі – несиелік үй. Бұл ретте жалгерлік үй тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға берілмекші. 

Жалпы қалада 1023 адам кезекте тұрса, соның 495-і - аталған санаттағы азаматтар. Бұл үйдің құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған еді, биылғы маусым айының соңына дейін пайдалануға беріледі. Абаттандыруылуы да аяқталған. Осы үйдің құрылысына 780,6 млн. теңге қаржы кеткен. Дегенмен сапасы сын көтермей отыр.

Тұрғын үй қасбеттеріндегі мюнхенка ұзаққа шыдамай, түсіп қалады. Сол себепті мұны не кассета әдісі, не фибробетон, немесе сұйық травертин бе, соны пайдаланған абзал. Ол рәрі ауа райына төзімді, әрі сыртынан әдемі, оның үстіне кемінде 10-15 жылға дейін жақсы сақталып тұрады. Осыны ескерген абзал, - деді Бейбіт Исабаев.

Текелі әлі газ бен судан тарығып отыр

Айта кетейік, үй құрылысына жауапты «СЕМ-Шоғы Құрылыс - Сервис» ЖШС. Бұл мекеме былтырдан бері осы құрылыс саласымен айналасып жатыр.

Менің кезекте тұрғаныма он жылдан асты. Текелі салынып жатқан баспаналар өте аз. Осы пәтерден үй бұйыра деп ниеттеніп отырмыз. Қаншама халықтың арманы баспаналы болу. Алдағы айда тапсырады екен. Облыс әкімі тексеріп кетті, кейбіреулер құрылысына мін тағып отыр. Біз білмейміз ғой, сол саланы мамандары аңғармаса. Халықтың алдауға болмайды. Ең бастысы өз пәтерімізге қол жеткізсек болғаны, - дейді қала тұрғыны Гүлмайра Анасова.

Иә, Текелі де ең үлкен мәселе – ауыз су болса, одан кейін – жол. Ішкі көшелерінде түзу жол аз. Газ бен тұрғын үй түйткілі де жылда халықтың қояр сұрағының бірі. 30 жыл ішінде шешілмеген мәселелер, алдағы уақытта шемімін табады деген ойдамыз.

Өзгелердің жаңалығы