Техникалық қамтамасыз ету қызметінің офицерлері біліктілігін жетілдіруде

19 Сәуір 2022, 00:15
1709
Бөлісу:
Техникалық қамтамасыз ету қызметінің офицерлері біліктілігін жетілдіруде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық қорғаныс университетінде Қарулы күштердің құрамалары мен бөлімдерінің қару-жарақ пен әскери техника саласындағы мамандарының екі апталық оқу курсы аяқталды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Аталған шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан әскерінің кадрлық әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Оқыту барысында офицерлер әскерлерді техникалық қамтамасыз ету тәртібін күнделікті қызметте де, түрлі жауынгерлік қимылдарда да зерделеді. 

Далалық жағдайларда әскери техниканы қалпына келтіруді ұйымдастыруға, оның ішінде эвакуациялық топтардың іс-қимылдарына, күштер мен құралдарды жауынгерлік машиналардың тораптары мен агрегаттарын жөндеу үшін өрістетуге ерекше назар аударылды. 

Сонымен қоса, курс бағдарламасында қызметтердің жөндеу-қалпына келтіру базаларымен және жабдықтау органдарымен өзара 
іс-қимыл тәртібін зерделеу де көзделген. Сабақ тақырыбына техникалық қамтамасыз ету мүддесінде геоақпараттық жүйелерді қолдану негіздері бойынша дәрістер курсы енгізілген. 

Оқуды сәтті аяқтаған офицерлерге біліктілікті арттыру туралы сертификаттар берілді.

Қару-жарақ пен әскери техника саласында жоғары сыныпты мамандар дайындау Мемлекет басшысының армияны замануи қару-жарақпен жарақтандыру жөніндегі тапсырмаларын нәтижелі іске асырудың маңызды шарттарының бірі екенін атап өту қажет.

Өзгелердің жаңалығы