Ақмола облысының Атбасар аудандық соты аудандық аурухана дәрігерінің қызмет бабын пайдаланып жасаған алаяқтық ісі бойынша резонансты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылдың шілдесінде терапевтік бөлімше меңгерушісінің міндетін атқарушы дәрігер көпбейінді ауданаралық ауруханада қант диабеті және жүректің жіті коронарлық синдромы диагнозымен түскен науқасты қабылдаған.
Ол науқастың жағдайын ауыр деп бағалап, қасында болған туысына жағдайды ақша арқылы шешуге болатынын айтқан. Дәрігер науқастың туысына Астана қаласындағы №2 қалалық ауруханада 1,5 миллион теңгеге "ақылы" ем алуды ұсынған. Ол тек ақша төленген жағдайда ғана кардиохирургтың шұғыл көмегін алуға болатынына сендірген. Алайда, шын мәнінде басқа дәрігерлермен ешқандай келісімі болмаған.
Сол күні науқастың туысы дәрігердің ұсынысына сеніп, "Каспи банк" қосымшасы арқылы көрсетілген есепшотқа 500 000 теңге аударған. Келесі күні қалған 1 000 000 теңгені де сол шотқа жіберген. Осылайша, жәбірленушіге жалпы 1 500 000 теңге көлемінде материалдық шығын келтірілді.
Сотта дәрігердің кінәсі оның мойындаған айғақтарымен, жәбірленушінің және кардиолог-резидент дәрігердің түсіндірмелерімен, сараптама қорытындысымен, сондай-ақ алынған ұялы телефондар түріндегі заттай дәлелдемелермен расталды.
Сот үкімімен дәрігер 3 жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, – делінген Ақмола облыстық сотының хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.