Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустың екінші толқынына Үкімет дайындықты күшейтіп жатыр. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин айтты.
Биыл міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде тегін дәрілік заттардың тізбесі 3 есе немесе 45-тен 137 дәрі-дәрмек түрлеріне дейін ұлғайтылды. Тамыз айынан бастап азаматтарға коронавирустан үйде емделу үшін дәрінің 5 түрі тегін беріледі. Қазіргі уақытта жеке қорғаныс құралдары мен 91 дәрі-дәрмектен тұратын екі айлық республикалық және өңірлік қор жасау бойынша нақты жұмыс атқарылды. Дәріханаларда тапшылыққа жол бермеу үшін СҚ-Фармация бөлшек сауда желісін көбейту үшін аса қажетті 33 препаратты сатып алып жатыр, - деді Мамин.
Оның айтуынша, дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры бар. Барлық өңірде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін көлемі 13 млрд теңгеден астам сақтандыру қоры құрылған.
Президент пандемия кезеңінде негізгі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың республикалық және өңірлік тұрақтандыру қорын құруды тапсырды. Үкімет коронавирус инфекциясының жаңа кезеңіне дайындық, медицина ұйымдарын және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Ведомствоаралық комиссияның шешімімен жергілікті бюджеттің есебінен қажетті дәрілік заттарды сатып алу үшін тұрақтандыру қорын қалыптастыру әдістемесі бекітілді,- деді премьер-министр.