Тегеран Таяу Шығыс елдеріне талап қойды

Иран Таяу Шығыс елдерінен АҚШ-тың шабуылдарын қолдаудан бас тартуды талап етті.

 depositphotos.com Бүгiн 2026, 06:42
Бүгiн 2026, 06:42
207
Фото: depositphotos.com

Иран Таяу Шығыс елдерінен АҚШ-тың шабуылдарын қолдаудан бас тартуды талап етті. Егер олар мұндай әрекеттерге қатыспаса, Тегеран да оларға қарсы жауап шараларын қабылдамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Иран президенті әкімшілігі басшысының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары Мохаммад-Мехди Табатабаи айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Иран президентінің жолдауы анық: егер аймақ елдері АҚШ-тың бізге қарсы шабуылына көмектеспесе, онда біз де оларға шабуыл жасамаймыз, – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Оның айтуынша, «агрессия» жалғаса берсе, Тегеран Таяу Шығыстағы америкалық әскери базаларға соққы беру арқылы қатаң жауап қайтарады.

Иран парламентінің спикері Мохаммад-Багер Галибаф Таяу Шығыста АҚШ әскери базалары тұрған жағдайда аймақта бейбітшілік орнамайтынын айтты.

Аймақтағы АҚШ әскери базалары Иранға қарсы операциялардың плацдармына айналды. Кез келген шабуыл жасалған жерге жауап соққысы беріледі. Таяу Шығыста америкалық базалар бар кезде бейбітшілік болмайды. Бұл пікірде Иранның барлық мемлекеттік қайраткерлері мен халқы бірдей, – деді ол.

Сонымен қатар Иран президенті Масуд Пезешкиан жаңа мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Тегеран АҚШ пен Израильдің шабуылдарына жауап ретінде соққы жасалған елдермен қарым-қатынасты сақтап қалуға үміттенеді.

Иран әрдайым көрші елдермен тату көршілік, егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара құрметтеу қағидаттарына негізделген достық қатынастарды сақтаудың маңызын атап келеді, – деп жазды ол X желісінде.

Пезешкиан Иран тек «агрессиялық әрекеттердің көзі мен бастау нүктесі болған нысандарға» ғана қорғаныс сипатындағы операциялар жүргізіп жатқанын және оларды «заңды мақсаттар» деп санайтынын айтты.

Бұған дейін Пезешкиан Тегеран көрші елдерге олардың тарапынан шабуыл жасалмаған жағдайда соққы жасамайтынын мәлімдеген. Сондай-ақ АҚШ пен Израильдің шабуылдарынан кейін Иран тарапынан соққыға ұшыраған мемлекеттерден кешірім сұраған.

Наверх