Алматылық тұрғын Ерболат Досаевтан балалар мен жасөспірімдерге арналған театрды жаңғыртуға неліктен көлемді қаражат бөлініп жатқанын сұрады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қала әкімі Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуінде Н. Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған театрды реконструкциялау жұмыстарына 23,9 млрд теңге бөлінгенін. Жаңарту жұмыстарын 2026 жылдың маусым айында аяқтау жоспарланғанын мәлімдеді.

Мен қаржы саласында жұмыс істеймін. Менің ойымша, Н. Сац атындағы театрды жаңғыртуға бөлінген қаражат көлемі тым жоғары. Жөндеу жұмыстарын 24 млрд теңгеге бағалаған кім? Бұл соманы қалай есептегендеріңіз жайлы айта кетсеңіздер, - деді қала тұрғын.
Қала әкімі жобаға неліктен қомақты қаражат бөлінгенін айтты.

Қала әкімі ретінде жобамен жеке өзім айналыстым. Онда барлық норма сақталған. Ал жоба бағасы мемлекеттік сараптама негізінде белгіленді. Біз бірде-бір жобаны өз қалауымыз бойынша орындамаймыз. Қаладағы бағаларды және тек реконструкция емес, жаңа сахна салынатынын ескерсек, бұл ойға қонымды баға. Егер кім тексергісі келсе, Ішкі мемлекеттік аудит департаменті не басқа жауапты мекемелерге жүгіне алады, - деді Ерболат Досаев.