- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Тазалық ханшайымы: Ірі клининг компаниясын құрған Ақмарал Имашеваның табыс тарихы
Тазалық ханшайымы: Ірі клининг компаниясын құрған Ақмарал Имашеваның табыс тарихы
Ақмарал Имашева Қазақстанда ірі клининг компаниясын құрды
Бүгiн 2026, 10:45
Қазақстанда facility management саласы – көбіне ер адамдар үстемдік ететін бизнес. Миллиондаған тендерлер, күрделі өндірістік нысандар, мұнай өңдеу зауыттары, банктер, бизнес-орталықтар. Бұл жерде келісімдер көбіне жабық есік артында жасалып, "ерлерше" келісімге келетін жағдайлар да кездеседі, кейде көлеңкелі схемалар мен "жасырын сыйақылар" да айтылып жатады. Осындай ортада Ақмарал Имашева мүлде басқа жолды: адал, ашық әрі адамға негізделген жолды таңдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол бар болғаны 3 адамнан тұратын шағын бригаданы бастап еді, бүгінде 2500-ден астам жұмыс орны құрылған компанияны басқарып отыр. Компания елдің әр өңіріндегі нысандарға қызмет көрсетіп, тапсырыс берушілердің табысына үлес қосып, еңбек етуге қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырады, сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ықпал етіп келеді.
2024 жылы ол EY ұйымдастырған «Жыл кәсіпкері» сыйлығын «Әлеуметтік маңызы бар кәсіпкерлік» номинациясы бойынша иеленді. Қазылар алқасы бірауыздан оның мықты беделін, бірнеше мың қызметкері бар компанияны басқару қабілетін, табандылығын және әйелдер көшбасшылығы үшін үлгі бола алатын тұлға екенін атап өтті.
Ақмарал өзі жай ғана әрі шынайы айтып береді:
Менің жетістігімнің басты себебі – біздің адамдар. Бізде ең басты құндылық – адамдар: клинерлерден, аула сыпырушылардан, сантехниктерден, электриктер мен инженерлерден бастап менеджерлерге дейін, - дейді ол.
Ауылдан астанаға дейінгі жол
Ақмарал шағын ауылда дүниеге келген. Анасы – мұғалім, әкесі – дәрігер. Бала кезінен үй шаруасына көмектесіп, жақсы оқыды әрі үлкен мүмкіндіктер туралы армандады.
Мен сиыр сауып, бірсарынды өмір сүргім келмейтінін жақсы білетінмін. Мен көбірекке ұмтылдым: тағдырымды астанада құруды армандадым. Ол кезде ол қала әлі Алматы болатын, - деп ағынан жарылды кәсіпкер.
Жоғары сыныпта оқып жүргенде жазғы демалыста балабақшада санитарка болып жұмыс істеген. Бұл оның құпиясы еді – сыныптастары білмейтін. Тапқан ақшасына мектепке жаңа киімдер сатып алатын.
90-жылдардың басы – ел тәуелсіздік алып, валюта ауысып, кәсіпорындар жабылып, жаңа бизнестер ашылып жатқан уақыт. Университеттің коммерциялық бөліміне түскен соң оқу ақысын төлеу үшін жұмыс істеуге тура келді. Бұл оның мінезін шыңдады: шағымданбай еңбек ету, алға ұмтылу.
Отбасын құрған соң 30 жасқа қарай екі баланың анасы болды. Жалдамалы жұмыста істеп жүріп, белгілі бір шектен аса алмайтынын сезді. Тапқан табыс тек күн көруге ғана жететін.

Мен бұлай өмір сүргім келмейтінін түсіндім. Тәуекелге бел будым. Егер қолымнан келсе, әрине, жақсы, келмесе де, ең болмаса тырысып көрген боламын, – дейді ол.
2007 жылы ол компаниясын тіркеп, Алматыда жеке пәтерлерді тазалаудан бастады. Ол кезде жаңа үйлер көп салынып жатқандықтан, жөндеуден кейінгі тазалыққа сұраныс жоғары болды. Тапсырыстар маусымдық, тұрақсыз еді. Кейде тапсырыс берушілер қызмет көрсетілгеннен кейін ақы төлеуден бас тартатын жағдайлар да болды. Бірақ Ақмарал берілмеді.
Алғашқы серпіліс және "ешқандай жасырын сыйақы жоқ" қағидасы
Бірнеше жылдан кейін ол стратегиясын өзгертіп, корпоративтік секторға шықты. Алғашқы ірі клиент – сауда орталығы. Ақмарал тендерге келіп, презентация жасап, ашық айтты:
Мен сіздердің нысандарыңызға ерекше жауапкершілікпен қараймын, тәртіпті қамтамасыз ету үшін бар күшімді саламын және сенімдеріңізді ақтаймын, - деді кейіпкеріміз.
Оған сенді. Бұл үлкен жолдың бастамасы болды.
Компания біртіндеп өсті: банктер, бизнес-орталықтар, өндірістік нысандар. Қызмет түрлері де кеңейді: кәсіби клинингтен бастап арнайы киімдерді жуу, сантехника, электрика, қызметкерлерді тасымалдау, ресепшн қызметі, әкімшілік қолдау және инженерлік желілерге техникалық қызмет көрсетуге дейін.
Бүгінде Top Service Group (topsg.kz) – ел бойынша толыққанды facility management қызметін ұсынатын компания.
Алайда басты қағида өзгерген жоқ: жемқор тендерлерге жол жоқ.
Мұндай ұсыныстар бірнеше рет болды. Мен әрдайым бас тарттым. Бұл – менің азаматтық ұстанымым және кәсіпкер ретіндегі кодексім. Ең жақсы жарнама – риза клиенттер мен ауызша тарайтын жақсы пікір. Біздің тапсырыс берушілердің 50 пайыздан астамы – ұзақ жылдар бойғы серіктестер, – дейді Ақмарал.
Компанияның жүрегі – адамдар
Ақмарал үнемі қайталайды: табыстың негізі – адамдар.
Біз қызметкерлеріміздің 5, 10 жыл және одан да көп уақыт бірге жұмыс істейтінін мақтан тұтамыз. Біздің міндет – тек процестерді ұйымдастыру емес, жұмыс беруші ретінде барлық міндеттемелерді орындау: жалақыны уақытында төлеу, әлеуметтік пакет, оқыту, эмоционалдық тұрақтылық және саладағы ең озық технологияларды қолдану, - дейді ол.
Команданың басым бөлігі – әйелдер: көпбалалы аналар, зейнеткер апалар. Оларға ерекше құрмет көрсетіледі.
Қазақстанда клинер мамандығы әлі де беделі төмен әрі еңбекақысы аз жұмыс ретінде қабылданады. Ақмарал осы көзқарасты өзгертуді мақсат етеді: ауыр физикалық еңбекті жеңілдету (механизация, арнайы техника), сапаны сақтай отырып еңбек жағдайын жақсарту, мамандықтың маңызын арттыру.
Біз Қазақстанда жұмысшы мамандықтарына құрметпен қарап, еңбегі лайықты бағаланатын қоғам болғанын қалаймыз, – дейді кәсіпкер.
Өз командасымен бірге ол патриоттық рухты дамытып, қызметкерлерді жұмысты жауапкершілікпен әрі жан-тәнімен орындауға үйретеді.
"Ерлер әлеміндегі" әйел
Ірі facility-компаниялар арасында Ақмарал – әйел негізін қалаушылардың бірі, бәлкім жалғыздың бірі.
Ер адамдармен бәсекелесу оңай емес – олардың ойын ережесі қатал. Бірақ әйелдер де ірі бизнесті кем жүргізбейді. Бізде де сондай ақыл бар, бәлкім жауапкершілік те көбірек шығар, – дейді ол.
Ақмарал өзін жарнамалауды ұнатпайды, бірақ компания туралы айту керек екенін түсінеді.
Ол ЕҚҚДБ-ның «Women in Business» бағдарламасына қатысып, алдымен ментии болды, кейін менторға айналды. Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының белсенді мүшесі және QAZPROPERTY ұйымының тең құрылтайшысы.
Оның миссиясы қарапайым әрі терең:
Сенімді серіктес болу, қызметті жан-тәнмен әрі жоғары жауапкершілікпен көрсету. Қазақстандағы бизнес пен инвесторлар халықаралық стандартқа сай facility management қызметін алуы тиіс — тазалық, қауіпсіздік пен тәртіпке ешқандай ымырасыз.
Алдағы 20 жыл: өзгеріс пен даму
2027 жылы компанияның құрылғанына 20 жыл толады. Ақмарал болашаққа сеніммен қарайды: нарықтағы позицияны сақтап, одан әрі өсіп, өзгерістерге бейімделіп, дамуды жалғастыру.
Бизнес – тірі ағза. Ол үнемі жаңашылдықты, жаңа тәсілдерді, трансформация мен өсуді талап етеді.
Бұл салада кейде қысымға шыдамау немесе «көлеңкелі жолды» таңдау оңай. Бірақ Ақмарал басқа жол бар екенін дәлелдеп отыр: бизнесті тұрақты, ашық әрі кәсіби жүргізуге болады және бұл нәтиже береді.
Ұзақ жылдық келісімшарттар, берік команда, нарықтың сенімі, тіпті қателіктер – бәрі оның жолының бір бөлігі.
- Тазалық – таза ниеттен басталады.
- Тәртіп – ой мен жүректегі тәртіптен басталады.
Ақмарал Имашева – жай ғана кәсіпкер емес. Ол ауылдан шыққан әйелдің де үлкен компания құрып, адалдығын, қамқорлығын және адамгершілігін жоғалтпай табысқа жете алатынының дәлелі.