Астанада GCIP-Kazakhstan 2025 Ұлттық Cleantech форумы өтіп, таза технологиялар саласындағы акселерациялық бағдарламаның биылғы жеңімпаздары жарияланды. Форум GCIP бағдарламасының үш жылдық циклының қорытынды шарасы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жоба Біріккен ұлттар ұйымының өнеркәсіптік даму ұйымы (ЮНИДО) мен Жаһандық экологиялық қордың (GEF) қолдауымен, ал ұлттық деңгейде «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының» жүзеге асыруымен өтеді.
Соңғы жылдары бағдарламаның ауқымы айтарлықтай кеңейді, яғни: 550-ден астам өтінім қабылданды, 100-ден астам команда акселерациядан өтті, сондай-ақ тек 2024-2025 жылдары 350-ден астам өтінім тіркелді.
Қазақстандық стартаптар Вена, Ыстамбұл, Баку, Португалия және Қытайдағы халықаралық алаңдарда үздік жобалар қатарынан көрініп келеді.
«Таза технологиялар – болашақ экономикасының өзегі»
Форумды Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ашты. Ол елдің жасыл экономиканы дамыту әлеуетін айрықша атап өтіп:
Шығарындыларды азайту мен табиғат пайдаланудың тиімділігін арттыруда таза технологиялар – негізгі құрал. Қазақстан GCIP тәжірибесіне сүйене отырып, Орталық Азия жасыл акселерация орталығын құрды, – деді министр.
Жеңімпаз экостартаптар

GCIP-Kazakhstan 2025 ұлттық байқауында ең үздік жобалар төмендегідей танылды:
1-орын – SpaceLab
IoVIT: байланыс әлсіз аймақтарға арналған спутниктік IoT жүйесі (жедел дабыл беру шешімі);
2-орын – FOREST HERO
Орман секторындағы көміртек жобаларына арналған MRV-цифрлық платформасы;
3-орын – HydroTech Atm
MOF-материалдары арқылы ауадан су өндіретін құрылғы (құрғақ өңірлер үшін өзекті).
.jpeg)
Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Олар енді Қазақстан намысын халықаралық Cleantech Days алаңдарында қорғайды.
Инвесторлармен алғашқы келісімдер жасалды
Форум аясында стартаптарды қаржыландыру мен комерцияландыруға бағытталған Investor Connect сессиясы өтті. Қорытындысында Tapqan Tech пен BIRCH компаниялары, SUNNY HOUSE және BIRCH және Орталық пен «Самұрық-Қазына Инвест» арасында ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойылды. Бұл Қазақстандағы жасыл технологиялар нарығына инвестиция тартуды күшейтпек.
GCIP-Kazakhstan стартаптары су ресурстарын бақылау, қалдықтарды қайта өңдеу, сарқынды суларды тазарту, көміртек жобаларын цифрландыру (MRV), орманды автономды қалпына келтіру, қалалық ауа сапасын жақсарту сияқты өзекті экологиялық шешімдер әзірлеп келеді.
GCIP-Kazakhstan 2025 Ұлттық форумы Қазақстанның жасыл инновациялар экожүйесінің қарқын алып келе жатқанын көрсетті. Бағдарлама экологиялық стартаптардың қалыптасуына жағдай жасап қана қоймай, олардың халықаралық нарыққа шығуына жол ашуда.