Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Таза Қазақстан» бастамасы уақыт өте келе жалпыұлттық идеяға айналды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Жасампаздыққа жетелеген жеті жыл» атты мақаласында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгінде елдің барлық өңірінде миллиондаған азамат экологиялық акцияларға қатысып, табиғи аумақтарды қоқыстан тазарту, көгалдандыру және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Нәтижесінде жүздеген мың тонна тұрмыстық қалдық жиналып, миллиондаған ағаш көшеттері отырғызылды, - делінген мақалада.
Бұл бастама қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға серпін берді. Тазалық пен тәртіп бір реттік акция емес, күнделікті өмір салтына айнала бастады.
Президент «Әркім өзінен бастауы керек» қағидатын жеке үлгісімен көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы қоршаған ортаның тазалығымен қатар, азаматтардың ой-санасының, қоғамдық жауапкершілігінің тазалығына да ерекше мән береді. Соның арқасында бастама әсіресе жастар арасында кең қолдау тауып, ауқымды азаматтық қозғалыс сипат алды, - деп атап өтті Үкімет басшысы.