Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы қоғамдық кеңістіктерді аралап, алдағы уақытта шаһарды абаттандыру бағытында қолға алынатын жобалармен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аймақ басшысы Бейбітшілік аралындағы этноауылда, спорт аймағында, балалар теміржолында, Мәңгілік Ел көшесіндегі Арбатта, дәрігерлер скверінде, сол жағалаудағы көпір астындағы қоғамдық кеңістікте, Мұхтар Әуезов атындағы алаңда болды.

Қала басшысы облыс әкіміне шаһардағы қоғамдық кеңістіктердің қазіргі жағдайы туралы баяндады. Өңір басшысы әсіресе, қаланың тарихи нышандарының бірі саналатын балалар теміржолына ерекше көңіл бөлді. Бұл нысан жаңғыртудан өткеннен кейін жыл бойы, үздіксіз жұмыс істейтін болды.

Облыс әкімі бұл нысанның мүмкіндігін ұлғайтып, теміржолдың шақырымын ұзартуды тапсырды. Арал аумағын кәрі, сынған, құлаған ағаштардан тазартып, жаңа көшеттер отырғызып, тәртіпке келтіруді жүктеді.
Бейбітшілік аралы - семейліктердің сүйікті демалыс орны. Қала қонақтары да жиі келеді. Сондықтан мұнда қысы-жазы жұмыс істейтін, кемі 50 метрлік шолу дөңгелегін салуымыз керек, - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру кезінде қолайлылығын ғана емес, қауіпсіздік мәселесін де ескеру қажеттігін айтты. Қала тұрғындары жиі келетін Бейбітшілік аралына полиция және медициналық бекеттер орнатуды тапсырды.

Өткен жылы қалада бірнеше жаңа саябақтар мен қоғамдық кеңістіктер салынған. Бұл қалаға аздық етеді. Шаһардағы демалыс орындарын көбейтуіміз керек. Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында Семейді абаттандыруға, көгалдандыруға барынша көңіл бөлінеді. Биыл шаһарды абаттандыру бойынша көптеген жобалар жүзеге асады. Қазір 10-ға жуық саябақты жаңғырту жобасын дайындап жатырмыз. Қаланың аулаларын абаттандырамыз, жолдарды жөндейміз, көшелерді жарықтандырамыз. Үйлердің қас бетін жаңартамыз. Алдымызға осындай міндет қойып отырмыз, - деді аймақ басшысы.