"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында Астана қаласының Байқоңыр ауданында жастар арасында стритболдан турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жарыста 16-25 жас аралығындағы белсенді жастардан құралған 5 команда жүлдеге талас жүргізді.
Стритбол – жастар арасында кең танымал, заманауи әрі қолжетімді спорт түрі. Бұл ойынды ұйымдастыру оңай. Ал ашық алаңда өткізілуі қатысушыларға еркіндік пен серпін береді. Стритбол жастардың физикалық дамуына ғана емес, сонымен қатар командалық рухты, көшбасшылық қабілетті және әділ бәсекелестікті қалыптастыруға ықпал етеді, – деді жарыс ұйымдастырушысы Қазбек Алмаз.

Жүлдегерлер Байқоңыр ауданы әкімдігінің және Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының қолдауымен дипломдар, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аудан аумағында мұндай спорт іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. с