Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары

Жансая ҚАМБАР
9 Шілде 2025, 12:47
1634
Бөлісу:
 Артём Чурсинов
PHOTO
Фото: Артём Чурсинов

Күнде таңертең миллиондаған адамдар шүмекті ашып, алаңсыз жуынуға кіріседі. Алайда пәтерімізге таза судың келіп тұруы үшін су шаруашылығы жұмысшылары түні бойы еңбек етеді. Су шаруашылығы жұмысшыларының кәсіби мерекесіне орай, BAQ.KZ тілшісі крандағы су қайдан келеді, қалай тазаланады және оның басы-қасында кімдер жүреді деген сұрақтарға фоторепортаж арқылы жауап беріп көрді.

Ол үшін Астана қаласы әкімдігінің “Астана су арнасы” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының сорғы-сүзгі станциясына бардық. Бізді кәсіпорын жұмысымен сорғы-сүзгі станциясының жетекші инженер-технологі Жанна Дажанова таныстырды.

"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары

Астана қаласындағы ауыз судың негізгі көзі – Астана су қоймасы. Сол қоймадан су диаметрі 1000-1400 мм үш құбырмен сорғы-сүзгі станциясының қабылдау камерасына келеді.

Қабылдау камерасынан су екі сорғы-сүзгі станциясына бөлінеді. №1 сорғы-сүзгі станциясынан қалаға тәулігіне 200 мың текше метр ауыз су берілсе, біз жұмысын көрсететін №2 сорғы-сүзгі станциясынан тәулігіне 105 мың текше метр ауыз су тұрғындарға тасымалданады.

"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары
"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары

Кейіннен бұлыңғырлығын азайту үшін суға алюминий оксихлориді және флокулянт Praestol 650 реагенттері қосылса, залалсыздандыру үшін натрий гипохлориді қосылады. Бұл процесс тұз, электр қуаты және судың көмегімен электролиз құрылғысы арқылы жасалады.

Осы үш реагент қосылып, су 3 кезеңнен өтеді. Ол залалсыздандыру, бұлыңғырлығын азайту және сүзгілерден өткізу, - дейді Жанна Дажанова.

"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары
"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары

Реагенттер қосылғанда судағы қоқыстар жиналып, үлкен-үлкен үлпектер пайда болады.

Реагенттер қосылған су лабиринт тәрізді үлпектер камерасынан өтеді. Бұл жерде судың жылдамдығы азаяды, су реагенттермен реакцияға түседі. Сосын тұндырғыштарға барып құйылады.

"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары
"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары

Ірі үлпектер лабиринт тәрізді камерада қалады. Кейіннен су тұндырғыштарға құйылады. Тұндырғыштарда су 2-2,5 сағат тұрған соң судың құрамында қалған ұсақ үлпектер тұндырғыштың астына тұнады.

Станциямызда 6 тұндырғыш бар. Оның тереңдігі 8 метр, ұзындығы 49 метр, - дейді инженер-технолог.

"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары
"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары
"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары

Тұндырғыштардан шыққан су тазартылған су арнасына құйылады.

Тазартылған су арнасынан шыққан су 12 сүзгіге бөлінеді. Бұл – суды тазартудың ең соңғы кезеңі.

Сүзгінің ішінде 51 тонна кварц құмы бар. Су сол құмнан өтіп, тазаланып, мөлдір болады.

"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары
"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары
"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары
"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары

Біз сүзгінің ішіндегі құмның деңгейін өлшеп, керек кезде толықтырып отырамыз. Сосын сүзгілер кірлегенде автоматты түрде жууға тоқтатылады. Операторлар сүзгіні тазартады. Өйткені сүзгілер бүкіл кірді, үлпектерді, қоқыстарды өзіне жинап алады, - деп түсіндірді Жанна Дажанова.

Содан кейін су сүзілген су арнасына барып құйылады. Сүзілген су арнасынан кейін су таза су арнасына өтеді. Сол жерде екінші рет залалсыздандырылады.

Таза суға натрий гипохлориді қайтадан қосылып, суды екінші рет залалсыздандырамыз. Өйткені су қалаға таратылғанда құбырмен барады ғой. Құбырдың ішінде не болып жатқанын білмейміз. Сондықтан тұтынушыға су таза болып баруы үшін міндетті түрде қалдық хлор болуы керек. Қалдық хлор адам денсаулығына зиянсыз болады. Қалдық хлордың рұқсат етілген шекті концентрациясы 0,3-0,5 мг/л. Ол судағы микроорганизмдердің барлығын жояды, - деді инженер-технолог.

Қалдық хлор – суды залалсыздандырғаннан кейінгі, реакцияға түспей қалған хлор мөлшері.

Таза су арнасынан шыққан су темірбетоннан жасалған, көлемі 20 мың текше метрлік таза су резервуарларына жиналады. №2 сорғы-сүзгі станциясында сондай 4 резервуар бар.

"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары
"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары
"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары
"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары

Біз тоқтамай жылына 365 күн күні-түні жұмыс істейміз. Сіздер таңертең кранды келіп ашасыздар, су ағады. Өйткені біз үздіксіз жұмыс істейміз. Бір жағынан резервуарларға тазарған су құйылып жатады. Екінші жағынан су екінші көтерілім сорғы станциясының сорғыларымен ортақ коллектор арқылы қалаға тасымалданып жатады, - деді Жанна Дажанова.

№2 сорғы-сүзгі станциясында 4 ауысыммен 140 адам жұмыс істейді. Әр ауысымда 12-14 адам бар. Олар басқару пульті арқылы реагенттерді қосу, сүзгілерді жуу, құмның деңгейін өлшеп, толықтыру сияқты жұмыстармен айналысады.

Сүзгілер дұрыс жұмыс істеп, су таза болуы үшін суды тазартудың барлық кезеңінде станцияның 3-қабатындағы сынақ зертханасында сағат сайын суға талдау жасалып, тексеріс жүргізіліп отырады. Реагенттер дұрыс қосылды ма барлығын тексеріп, ауысым бастығына нәтижелерін көрсетіп отырады, - деді инженер-технолог.

"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары
"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары
"Таза, қауіпсіз әрі үздіксіз": Астанаға келетін ауыз судың ұзын сапары
Өзгелердің жаңалығы