Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Таза қала тынысы: Жол жұмысшыларының бір күні

8 Желтоқсан 2025, 03:40
25
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Таза қала – елдің мәдениеті мен тәртібінің айнасы. Алайда Астананың көшелері өздігінен жарқырап тұрмайды. Таң ата бере ұйқысын бөліп, күрек пен сыпырғысын қолға алатын қарапайым жандардың еңбегінің арқасында бас қала әр күні тұрғындарын тап-таза кейпімен қарсы алады. Олар – көпшілік байқамайтын, бірақ қала тынысын ұстап тұрған еңбек майданының шынайы қаһармандары.

BAQ.KZ тілшісі "Астана Тазалық" ЖШС-де талай жылдан бері жұмыс істеп жүрген азаматтармен сөйлесіп, тазалық саласының көзге көрінбейтін, бірақ өмірдің өзінен алынған қырларын ашып көрсетуге талпынып көрді.

Сәлима Бибатыр: Қаланың сәні – тап-таза көшеде

Түркістан өңірінен Астанаға үміт арқалап келген Сәлима Саханқызы жол жұмысында жүргеніне он сегіз жыл болыпты. Таңғы бесте тұрып, алтыда-ақ күрегін қолына алып, көшені жинауға кіріседі. Қыстың аязы мен жаздың аптабын елемей атқарылатын бұл жұмыс оңай емес, соның өзінде ол отбасының тірегі болып, бес баласын оқытып, қатарға қосқан ардақты жан.

Таза қала тынысы: Жол жұмысшыларының бір күні

Біздің істейтініміз – көпшілік байқамайтын еңбек. Қиындығы да жетеді, бірақ жылы сөз айтып кететіндер бар. Кейде жолдан өтіп бара жатқан біреу қолымызға ыстық шай ұстатып кетсе, соның өзі көңілімізді көтеріп тастайды, – дейді ол.

Жұмабек Нұрланов: Таңғы тыныштықты алғаш бұзатын – тазалық еңбегі

Астана көшелерін күн сайын тап-таза күйде ұстап тұрған адамдардың бірі – Жұмабек Қашымұлы. Ол "Астана Тазалықта" 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Жол жұмысшысы болып бастаған еңбегі кейін бригадирге, соңғы үш жылда шебер қызметіне дейін жетелепті. Артқа қараса, қаланың тазалығын сақтауға арнаған барып-жеткен он сегіз жыл – өмірінің тұтас бір кезеңіне айналған.

Таңғы төрттің жарымында оянып, беске қарай жұмыс орнына келеді. Алдымен жұмысшыларын қарсы алып, қауіпсіздік ережелерін еске салады. Қардың қалыңдығына қарай кесте өзгеріп тұрады, бірақ жұмыс таңғы алтыда басталып, кешке дейін жалғасады. Қошқарбаев көшесінен бастап 14-көпірге дейін, Әзірет-Сұлтан мешітінің маңы мен Байтұрсынов көшесіне дейінгі аумақ – оның күнделікті жауапты учаскесі.

Жұмабек Қашымұлының айтуынша, ең әуелі аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолы тазартылады. 

Таза қала тынысы: Жол жұмысшыларының бір күні

Қар қалың жауса, автобус пен адамға кедергі болмасын деп алдымен жолды ашамыз. Техниканың жұмысын қадағалап, қауіпсіздікті бақылау – біздің күнделікті міндет, – дейді ол.

"Таза Қазақстан" акциясы басталғалы да жұмыс көп. Әсіресе жуырда өткен ҰҚШҰ саммитіне орай қаланың негізгі көшелерін, Тәуелсіздік сарайының маңын толықтай тазалап, дайындықтан өткізген. Сенбіліктер кезінде де елордалықтардың белсенділігі жоғары екенін айтады: әркім өз ауласын жинап, қапқа салып дайындап қояды, ал қоқысты арнайы техникамен әкету – олардың жұмысы.

Жұмысындағы қиындық та, қызық та жетерлік. Қыстың көк айызында көліктердің қысып өтіп кетуі мүмкін, сол үшін белгі қойып, жилет кигізіп, қауіпсіздікті жіті бақылайды. 

Кейде шаршайсың, бірақ үйге барғанда немерелердің алдынан жүгіріп шығуы – соның бәрін ұмыттырып жібереді, – дейді ол жымиып.

Маманның бригадасында күніне 17–18 адам жұмысқа шығады. Қалың қарлы күндерде алдымен аялдамалар, кейін учаскедегі жолдар реттеледі. Жұма сайын мешіт баспалдағын тазалау да – олардың тұрақты міндетінің бірі.

Қазір компанияда жағдай бұрынғыдан әлдеқайда жақсы: техника жеткілікті, қыстық-жаздық киімдер уақытылы беріледі, жалақы тұрақты, екі жыл қатарынан түскі ас та тегін.

Сөзінің соңында ол елордалықтарға үн қатты.

Астана – бәріміздің ортақ үйіміз. Көшеде жүргенде қоқысты оңды-солды тастамай, тәртіп сақтасақ, қаланы таза ұстау әлдеқайда жеңіл болар еді. Тазалық – тек біздің емес, бүкіл халықтың жауапкершілігі, - дейді Жұмабек Нұрланов.

Өзгелердің жаңалығы