Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында көмір генерациясын жаңғырту және экологиялық талаптарға бейімдеу бағытындағы ұлттық жоба туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде көмір генерациясының экологиялығын және тиімділігін арттыруға бағытталған «таза көмір» технологиясын қолдануға аса назар аударылуда. Бұл бағытта пайдалы іс-қимылдың жоғары коэффициентін және үлестік шығарындыларды азайтуды қамтамасыз ететін озық технологиялық шешімдерді пайдалана отырып, тиімділігі жоғары көмір электр станцияларын салу көзделеді, – дейді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Оның айтуынша, қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған нақты шаралар қолға алынады.
Сонымен қатар қатты бөлшектерді және ауыр металдарды ұстай отырып терең сүзгілеу технологияларын қоса алғанда, түтін газдарын тазартудың заманауи жүйелерін енгізу қамтамасыз етіледі. Бұл қоршаған ортаға теріс әсерді едәуір азайтуға мүмкіндік береді, – деді министр.
Министр көмірді газдандыру да басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Көмірді газдандыруды дамыту жеке перспективалы бағыт болып табылады. Бұл көмір ресурстарын барынша экологиялы пайдалану үшін мүмкіндіктер ашады, – деді ол.
Жалпы, аталған шаралар көмір саласын жаңа технологиялық деңгейге көтеруге бағытталған.
Аталған шараларды іске асыру көмір генерациясының сапалы жаңа технологиялық деңгейге өтуін қамтамасыз етуге, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономикалық даму мен экологиялық талаптар арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Ақкенженов.
Ұлттық жобаның нәтижесінде бірқатар нақты көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланып отыр.
Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде мынадай негізгі әсерлерге қол жеткізу күтіледі:
– негізгі өндіруші жабдықтың тозу деңгейін төмендету және энергия жүйесінің сенімділігін арттыру;
– көмір электр станцияларында ластаушы заттар шығарындыларын 34% - ға қысқарту;
– саланың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, «таза көмірдің» заманауи технологияларын енгізу;
– көмір электр станцияларының энергия тиімділігін арттыру және электр энергиясын өндіруге жұмсалатын үлестік шығындарды азайту;
– жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ өнеркәсіптік және ілеспе инфрақұрылымды дамыту.
Сондай-ақ ұлттық жоба аясында ірі энергетикалық жобаларды іске асыру көзделген.
Ұлттық жоба көмір генерациясының 5,3 гВт болатын 8 жаңа объектісін салуды қоса алғанда, генерациялайтын қуаттарды кешенді дамытуды, сондай-ақ қуаты 2,5 ГВт болатын 11 бұрыннан бар энергия көздерін жаңғыртуды, кеңейтуді, реконструкциялауды және жаңартуды көздейді, – деді министр.
Министрдің сөзінше, слайдта жаңа көмір электр станцияларын салу жөніндегі ірі жобалар ұсынылған.
Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында Қазақстанның көмір қоры 300 жылға жететінін мәлімдеген еді.