Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тайваньның шығыс жағалауында аса қуатты жер сілкінісі орын алды. Бұл туралы Синьхуа ақпарат агенттігі хабарлады.
Бейжің уақыты бойынша сағат 01:41-де 6,6 магнитудалы жер сілкінісі Тайвань аралының шығысында Тайдун уезіне жақын теңіз акваторийінде орын алған.
Қытай сейсмологиялық желі орталығының мәліметінше, жерасты дүмпуінің ошағы солтүстік ендікпен 23,45 градус және шығыс бойлық бойынша 121,55 градус координата нүктесінде болған. Жер сілкінісінің ошағы 20 шақырым тереңдікте орналасқан.
Жергілікті метеорологиялық ведомствоның деректеріне сәйкес, жер үстіндегі дүмпу мен тербелістері бүкіл аралда сезілген.
Жер сілкінісінің салдарынан бір адам жеңіл жарақат алған. Аралда орналасқан аудандарда электрмен жабдықтауда олқылықтар тіркелді. Сондай-ақ Юйсинцяо көпірі бүлінген.