Тайвань Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімінде Вашингтонмен қарым-қатынастың әлсіреуінен қауіптеніп отыр. Бұл туралы CNN дереккөздеріне сілтеме жасап мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Телеарнаның мәліметінше, Тайбэй АҚШ-пен байланысын нығайту үшін түрлі жолдарды қарастыруда, соның ішінде Вашингтондағы өз өкілін ауыстыру жоспары бар. Қазір Тайбэй экономикалық және мәдени өкілдігін Александр Ю басқарады, бірақ оның орнына саяси тұрғыда тәжірибелі дипломат тағайындалуы мүмкін.
Бұған дейін Трамп Тайваньды "АҚШ-тың чип бизнесін тартып алды" деп сынап, Қытаймен сауда келісімі жөніндегі келіссөздер кезінде аралға әскери көмек жеткізуді тоқтатқан. Сондай-ақ Тайвань басшысынан АҚШ арқылы транзиттік сапар жасамауды өтінген.
CNN атап өткендей, биыл БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өткен іс-шараға америкалық жоғары лауазымды шенеуніктер қатыспаған, бұл Тайбэйде алаңдаушылық туғызған.
Айта кетейік, Трамп Си Цзиньпинмен алдағы кездесуде Қытаймен жаңа келісім жасасуға және фентанил контрабандасына байланысты енгізілген қосымша баж салығын төмендетуге дайын екенін мәлімдеген.
Тайвань 1949 жылдан бері өз әкімшілігімен басқарылады, бірақ Бейжің оны Қытайдың ажырамас бөлігі деп санайды. АҚШ «Бір Қытай» саясатын мойындағанымен, Тайбэймен бейресми байланысын және аралға қару-жарақ жеткізуді жалғастырып келеді.