Ұлттық банк төрағасы мұнай бағасы бюджет пен Ұлттық қор кірістерінің қалыптасуында шешуші рөл атқаратынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, егер Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан мұнай бағасы жоғары деңгейде сақталса, теңге де тұрақтырақ болуы мүмкін.
Базалық мөлшерлеме туралы шешім қабылданғаннан кейін өткен брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Таяу Шығыстағы қақтығыстың өршуі теңге бағамына қандай қауіп төндіруі мүмкін екенін мәлімдеді.
Сүлейменовтің сөзінше, ел бюджеті мен Ұлттық қор едәуір дәрежеде мұнай бағасына байланысты қалыптасатын экспорттық түсімге тәуелді. Оның айтуынша, экспорттық табыстың шамамен 50 пайызы, ал бюджет кірісінің 30 пайызы осы мұнай бағасына тәуелді.
Сонымен қатар қаржы реттеуші органның басшысы мұнай қымбаттаған кезде экономикалық белсенділік артып, мұнай-газ секторының жалпы ішкі өнімге қосатын үлесі де өседі деп отыр. Ұлттық қорға және бюджетке түсетін түсімдер көбейеді. Алайда бұл бірден байқала бермейді, себебі мұнай жеткізу келісімдері алдын ала жасалады.
Бұл жерде көп нәрсе мұнайдың жоғары бағасы қанша уақыт сақталатынына, әскери қақтығыстың қанша уақытқа созылатынына байланысты болады. Егер мұнай бағасы жоғары болса, экспорттық түсім де көбейеді. Демек нарықта валюта ұсынысы артады. Мұндай жағдайда басқа факторлар өзгермесе, теңге бағамы тұрақтырақ болады. Сондықтан біз теңге бағамының әлсіреуіне нақты алғышарт көріп отырған жоқпыз және жақын уақытта ол шамамен осы деңгейде сақталады деп ойлаймыз, – деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы жалпы алғанда кез келген әскери қақтығыс теріс фактор екенін және оның экономикалық салдары болатынын атап өтті. Дегенмен мұнай бағасының өсуі Қазақстан үшін белгілі бір дәрежеде оң әсер беруі мүмкін.
Бұған дейін қазақстандық сарапшылар Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстың басталуы тәуекелдерді арттырып, долларды «қорғаныш актив» ретінде күшейтетінін айтқан. Бұл жағдай теңгеге қосымша қысым түсіруі мүмкін.