Таяу Шығыстағы әскери жағдайдың ушығуы әлемдік мұнай нарығына бірден әсер етіп, бағаның айтарлықтай көтерілуіне әкелді. Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнай құны барреліне $78,7 деңгейіне жетіп, бір күн ішінде 8 пайыздан астам қымбаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшылар геосаяси тәуекелдер сақталса, баға жақын уақытта $90 межесіне дейін өсуі мүмкін екенін айтады.
Сауда барысы кезінде мұнай бағасы бірнеше рет шарықтау шегіне жетті. Астана уақытымен түскі уақытта котировкалар $80,2-ге дейін көтерілсе, 2 наурыздағы сауда сессиясының ең жоғары сәтінде баррель бағасы $82-ден асып, шамамен 13 пайыздық өсім көрсетті. Сараптамалық платформалардың дерегінше, мұндай деңгей соңғы рет 2025 жылдың қаңтарында байқалған, ал ICE алаңында $80 көрсеткіші 2024 жылдың жазынан бері тіркелмеген.
Бағаның көтерілуі Таяу Шығыстағы әскери әрекеттердің кеңеюімен байланысты. АҚШ пен Израильдің Иран аумағына жасаған соққылары жалғасып жатқан кезде, Иран өңірдегі бірқатар нысанға зымыран шабуылдарымен жауап берді. Бұл жағдай қақтығыс ауқымының ұлғаюы мүмкін деген алаңдаушылықты күшейтті. БАҚ мәліметінше, соққылар Сауд Арабиясындағы Saudi Aramco компаниясына тиесілі ірі мұнай өңдеу кешеніне де әсер еткен.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, әлемдік мұнай тасымалының шамамен бестен бірі өтетін Ормуз бұғазы әзірге жабылған жоқ. Дегенмен қауіпсіздік тәуекелдеріне байланысты танкерлер бұғаздың екі жағында жиналып, жағдайдың қалай өрбитінін күтіп отыр.
Қақтығысқа қарамастан мұнай жеткізілімі тоқтамайды - сарапшы
Қазақстандық мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов бұғаздың жабылмайтынына сенімді.
Ормуз бұғазын ешкім жаппайды. Бұл ешбір тарапқа тиімді емес, әрі қақтығысты мүлде басқа деңгейге шығарып жібереді. Былтыр маусым айындағы шиеленіс кезінде де шабуылдар болғанымен, ешбір ел үшін мұнай инфрақұрылымына соққы жасау тиімді болған жоқ. Қазір де ондай жағдай қайталанбайды. Өйткені егер Иран сауда кемелерін немесе мұнай нысандарын бомбалауды бастаса, Парсы шығанағындағы мұнайлы монархиялар Иранның порттары мен мұнай инфрақұрылымына жауап соққы беруі мүмкін. Бұл ешкімге қажет емес, себебі Иран мұнайсыз ұзақ уақыт өмір сүре алмайды. Сондықтан мұның бәрі – көбіне саяси риторика ғана, - деп түсіндірді сарапшы.
Сондай-ақ ол әлем елдерінің мұнай қоры қанша уақытқа жететініне тоқталды.
ОПЕК+ елдері де кездесіп, өндіріс көлемін аздап қана арттырды. Қалай болғанда да, ЭЫДҰ елдерінің және басқа мемлекеттердің өз мұнай қорлары бар екенін түсіну керек. Орта есеппен ол қорлар екі айға жетеді. Сондықтан нарықта белгілі бір алаңдаушылық пайда болған күннің өзінде, бұл бірнеше күннің мәселесі ғана, - дейді Олжас Байділдинов.