Таяу Шығыстағы жағдай Қазақстанның Иран және Израильмен саудасына қалай әсер етуі мүмкін

Сауда министрлігі өзекті деректерді ұсынды.

 depositphotos.com Бүгiн 2026, 14:17
Бүгiн 2026, 14:17
177
Фото: depositphotos.com

Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы аясында Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі экспорт жеткізілімдерін әртараптандыру жұмыстарын күшейтіп, отандық өнім үшін балама логистикалық бағыттарды пысықтап жатыр. Бұл туралы ведомство BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Қазақстан экспорт нарықтарын әртараптандыру және отандық өнім жеткізілімінің географиясын кеңейту бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Сыртқы тұрақсыздық жағдайында дәстүрлі серіктестермен ынтымақтастықты нығайтуға да, жаңа экспорт бағыттарын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Иран бағытының тұрақтылығы төмендеуі мүмкін жағдайда, әсіресе аграрлық өнім бойынша қазақстандық тауарлар үшін балама экспорт маршруттарын қалыптастыру шешуші мәнге ие болып отыр.Қазіргі жағдайда негізгі резервтік бағыт ретінде Ақтау теңіз сауда порты → Әзербайжан → Грузия → Түркия → Парсы шығанағы нарықтары бағыты қарастырылып отыр. Бұл маршрут Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және іргелес өңірлердің балама нарықтарына жеткізілімнің бір бөлігін қайта бағыттауға мүмкіндік береді, – деп мәлімдеді ведомство.

Министрлікте бұл ең алдымен астық, май-тоңмай және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты екенін нақтылады. Сондай-ақ мұндай өнім экспортының тұрақтылығы көбіне сыртқы логистиканың орнықтылығына тәуелді екені атап өтілді.

Экспорт жеткізілімін кеңейту жұмыстары бір мезгілде бірнеше бағытта және халықаралық ынтымақтастықтың түрлі форматтары арқылы жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта бірқатар шетел мемлекеттерімен, ең алдымен ауыл шаруашылығы, азық-түлік және қайта өңделген өнімдер бойынша жеткізілімдерді ұлғайту мәселелері пысықталуда. Бұл жұмыс екіжақты келіссөздер, сауда-экономикалық комиссиялар, бизнес-форумдар және шетелдік ведомстволар мен компаниялармен тікелей өзара іс-қимыл шеңберінде жүргізілуде, – деп хабарлады министрлік.

Иран нарығына тәуелділікті азайту үшін Қазақстан, ең алдымен, арпа экспорты бойынша жаңа өткізу бағыттарын іздеп жатыр.

Қазақстан Иран нарығына бағытталған тауарлар бойынша жеткізілімдерді әртараптандыру мәселесін жүйелі түрде қарастырып келеді, өйткені жекелеген тауар позицияларындағы тәуелділік деңгейі әртүрлі. Ең сезімтал бағыт – арпа: 2025 жылы осы өнім экспортының 66,5%-ы Иранға тиесілі болды. Осыған байланысты негізгі балама нарықтар ретінде ең алдымен Қытай, сондай-ақ Солтүстік Африка елдері – Мысыр, Алжир, Марокко, Тунис және Ливия қарастырылып отыр.

Бидай, мақта талшығы, кептірілген бұршақ дақылдары және май өндірісінің қалдықтары сияқты позициялар бойынша тәуекелдер салыстырмалы түрде басқаруға келеді, өйткені жеткізілімдерді Орталық Азия, Қытай, Түркия және бірқатар басқа елдердің нарықтарына қайта бағыттау мүмкіндігі бар.

Негізгі міндет – қазақстандық өндірушілерге сыртқы нарықтарға тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз ету, жекелеген бағыттарға тәуелділікті азайту және жоғары қосылған құны бар өнім экспортын ұлғайтуға жағдай жасау, – делінген редакцияға берілген жауапта.

Иран және Израильмен экспорт-импорт көрсеткіштері

2025 жылы Қазақстанның әлем елдерімен тауар айналымы 143,9 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесіне мүше елдерге 312,5 млн доллар тиесілі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 239,3 млн доллар болды. Израильмен – 119,4 млн доллар.

2025 жылы Қазақстан Иранға негізінен арпа жеткізді – 214,4 млн доллар. Бұл осы елге экспорттың шамамен 90%-ын құрайды. Сондай-ақ бидай – 10,8 млн доллар, мақта талшығы – 7,66 млн доллар, кептірілген бұршақ – 2,22 млн доллар, өсімдік майын қайта өңдеу өнімдері – 1,54 млн доллар экспортталды.

2025 жылы Ираннан Қазақстанға импорт 12%-ға азайып, 191 млн долларды құрады.

Қазақстан Ираннан ең көп көлемде этилен полимерлерін сатып алды – 18,9 млн доллар. Сонымен қатар құрма, інжір, ананас, авокадо, гуайява және манго сияқты жемістер 10,6 млн долларға импортталды.

Ал Израильмен тауар айналымы 193,5 млн долларды құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 18,1%-ға төмен. Қазақстаннан Израильге экспорт та 28,7%-ға қысқарып, 119,4 млн доллар болды.

Қазақстанның Израильге экспортының негізгі бөлігін күкірт – 62,2 млн доллар және шикі мұнай – 45,1 млн доллар құрады. Сондай-ақ алюминий сымы мен баулары – 9,22 млн доллар, тас көмір – 1,48 млн доллар жеткізілді.

Ал Израильден Қазақстанға импорт керісінше 8%-ға өсіп, 74 млн долларға жетті.

Қазақстан Израильден ең көп көлемде газ, сұйықтық және электр энергиясын есептейтін есептегіш құралдарды – 10,9 млн долларға, жеміс-көкөніс шырындарын – 10,6 млн долларға, сондай-ақ жиһаз және оның бөлшектерін – 7,99 млн долларға сатып алды. Бұдан бөлек, навигациялық құрылғылар, радиолокациялық аппаратура және металл-керамика бұйымдары импортталды.

Бизнес үшін тәуекелдерді сақтандыру тетіктері қарастырылған

Егер Израиль мен Ирандағы жағдай нашарлай түссе, қазақстандық бизнес үшін Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің құралдарын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл ең алдымен шетелдік әріптестер тарапынан төлем жасамау тәуекелдерін сақтандыруға, экспорттық келісімшарттарды қорғауға және экспорттаушылардың сауда үйлерін қолдауға қатысты.

Сонымен қатар кәсіпкерлерге айналым қаражатын толықтыруға арналған тетіктер ұсынылады. Олардың қатарында несие сақтандыру, аванстық төлемдерді сақтандыру, факторингті сақтандыру және экспортқа дейінгі қаржыландыру бар. Бұл механизмдер экспорттық өнім өндірісіне жеңілдетілген қаражат алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ шетелдік сатып алушыларды қаржыландыру құралдары да қарастырылған. Оған екінші деңгейлі банктер арқылы аккредитивтік есеп айырысу шеңберіндегі сауда қаржыландыруы, сондай-ақ қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу үшін несие алған шетелдік әріптесті сақтандыру мүмкіндігі жатады.

Наверх