Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдеріндегі әскери-саяси ахуалға байланысты күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Дипломатиялық өкілдіктер азаматтарды тәулік бойы бақылап, консулдық-құқықтық көмек көрсету, жергілікті билікпен байланыс және әуежайларда жүйелі түрде бару жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер жоқ. Ең көп қазақстандықтар туристік бағыттар мен қажылық сапарлары орындарында шоғырланған:
- БАӘ – шамамен 3 500 адам
- Сауд Арабиясы – 3 000 адам
- Қатар – 1 500 адам
- Иран – 82 азамат
- Бахрейн – 168 азамат
- Кувейт пен Иордания – әрқайсысында 134 азамат
- Израиль – шамамен 100 азамат
Әуе тасымалдаушылардың рейстерді тоқтатуы салдарынан азаматтар қонақүйлерде уақытша орналастырылған. Эвакуациялық рейстер жоспарланған жағдайда алдымен қарттар, әйелдер мен балаларға көмек көрсетіледі.
Қазақстан СІМ шет мемлекеттермен эвакуациялық бағыттарды пысықтап, Ираннан көрші елдер арқылы азаматтарды шығаруға келісімдерге қол жеткізді. Армения, Әзербайжан және Түрікменстан тараптары азаматтарды эвакуациялауға қолдау көрсететінін растады.
Министрлік азаматтарды сабыр сақтап, жергілікті билік ұсынымдарын орындауға, тәуекелі жоғары аймақтарға бармауға және ресми хабарламаларды қадағалауға шақырады. Жедел ақпарат алу үшін СІМ Kaspi инфрақұрылымын және өздерінің ресми арналарын пайдалануды ұсынады.
Барлық жаңартылған мәліметтер ҚР СІМ және шет елдердегі өкілдіктердің ресми хабарламаларында жарияланады.