Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдармен, сондай-ақ отандық және шетелдік әуе компанияларымен бірлесіп, Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
7 наурыздағы жағдай бойынша өңірдегі шиеленіс басталғалы бері Қазақстанға 27 рейс орындалып, олармен 4 659 жолаушы жеткізілді.
2026 жылғы 5 және 6 наурыз күндері төрт әуе компаниясы 15 рейс орындап, 2 549 жолаушыны елге алып келді.
«Эйр Астана» әуе компаниясы Жидда – Атырау – Алматы бағыты бойынша үш рейс орындады.
SCAT әуе компаниясы Маскат – Алматы бағыты бойынша бір рейс орындады.
FlyDubai әуе компаниясы Дубайдан Алматыға бес рейс және Астанаға екі рейс жүзеге асырды.
Сонымен қатар Air Arabia әуе компаниясы Шарджа Алматы бағыты бойынша төрт рейс орындады.
Көлік министрлігінің мәліметінше, өңірдегі қазіргі жағдайды ескере отырып, Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін ҚР СІМ Қазақстан азаматтарын шиеленіс аймағынан эвакуациялау жалғасып жатқанын айтқан болатын.