Еңбек нарығы технологиялық және экономикалық трансформацияларға байланысты белсенді де терең өзгерістер кезеңінен өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл өзгерістер әлі де жалғасын тауып, алдағы жылдары күшейе түседі, дейді МТАЖО HR орталығының аға менеджері Бақытгүл Ибраева. Бұл ұйым 12 жылдан бері Президент Іс басқармасы жүйесінің қызметкерлерін оқытумен айналысады.
Автоматтандыру, жасанды интеллекті (ЖИ) енгізу, цифрлық платформаларды дамыту мен қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктері – мұның бәрі жұмыспен қамту туралы дәстүрлі таным-түсінікке еніп жатқан жаңа ұғымдар.
Спикер атап өткендей, Бүкіләлемдік экономикалық форумның (WEF) мәліметінше, 2027 жылға қарай жұмыс орындарының шамамен 23%-ы жаңа технологиялардың ықпалымен өзгерістерге ұшырайды. Бұл жаһандық болжамдармен де сәйкес келеді, олар бойынша өмірдің барлық аспектілері цифрландырылып жатқан қоғамда еңбек қарым-қатынастарын қайта қарау қажеттігі туып отыр.
1. Автоматтандыру және ЖИ
Автоматтандыруды жылдам енгізу, McKinsey бағалауынша, жұмыс орнында орындалатын барлық ағымдағы міндеттердің 45%-ын қамтуы мүмкін. Бұл кассир, call орталық операторы және төмен біліктілікті қажет ететін өндірістік жұмысшылар сынды бірқатар кәсіп түрлерінің жойылуына әкеледі. Дегенмен, жоғары технологиялық шешімдерді, мысалы, ЖИ және робот техникасы саласындағы шешімдерді әзірлеу және оларды қолдау бойынша жаңа жұмыс орындары пайда болады.
2. «Жұмсақ» дағдылар маңызының артуы
LinkedIn мәліметінше, жұмыс берушілердің 92%-ы креативтілік, әріптестік пен бейімделушілік қабілеті сынды жұмсақ дағдылар болашақтың жұмыс орындарындағы ең негізгі қажеттіліктер болады деп есептейді. Көптеген міндеттер автоматтандырылып жатқан уақытта қызметкерлердің бәсекеге қабілеттілігін негізінен адами қасиеттер айқындайтын болады.
3. Қайта біліктілік алу және оқу
Бүкіләлемдік экономикалық форумның есебінде жер шарындағы жұмысшылардың 60%-ына алдағы бес жылда қайта біліктілік алу не қазіргі біліктілігін арттыру қажет екені айтылған. Қазірдің өзінде цифрлық дағдылар, мәліметтерді талдау және жобаларды басқару бойынша курстар барлық деңгейдегі жұмысшылар арасындағы ең қажетті оқу курстарының тізіміне кіреді.
Болашақтың еңбек нарығы белгісіздіктің жоғары деңгейімен сипатталады, бірақ сонымен қатар, ол өзгерістерге дайын адамдар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. WEF болжамы бойынша, 2030 жылға қарай автоматтандыруға байланысты 85 миллион жұмыс орны жойылуы мүмкін, бірақ оның орнына 97 миллионға жуық жаңа жұмыс орны пайда болады. Статистика бейімделушілік пен оқуға дайын болу ең негізгі құзыреттерге айналатынын көрсетеді. Ұдайы өзгерістер заманында кім жаңа дағдыларды тез игеріп, өз мансабын қайта бағыттай алса, сол адам еңбек нарығында айтарлықтай басымдыққа ие болады.
Еңбек нарығының жаңа шарттары бізден икемділікті, шешім қабылдауды және өте белсенді болуды талап етеді. Негізгі трендтерді уақытылы танып-біліп, өзгерістерге қазірден бастап дайындалған адамдар өз позицияларын сақтап қана қоймай, жаңа еңбек нарығында да өзгелерден үстем бола алады, - деп қорытындылады МТАЖО сарапшысы.