Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Әзербайжан Республикасының оккупациядағы аудандарында әскери жағдайдың шиеленісуіне байланысты алаңдаушылығын білдірді.
Академияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада, Түркі академиясы Халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарын қатаң сақтайтындығын растай отырып, қақтығысты 1993 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Әзербайжан Республикасының егемендігін, аумақтық тұтастығын және халықаралық деңгейде мойындалған шекараларының мызғымастығы ескеріліп қабылданған қарарлары негізінде реттеуге шақырады.
Академия президенті әзербайжан-армян Таулы Қарабақ қақтығысының бейбіт жолмен реттелуіне және ЕҚЫҰ Минск тобының қолдауымен келіссөздер процесіне нұқсан келтіруі мүмкін қандай да бір арандатушылық мәлімдемелер мен әрекеттерге жол бермеу керектігіне баса назар аударды.
Осыған орай, Академия басшысы Әзербайжан халқына адамдардың қаза болуына байланысты көңіл айтады және жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тілейді.