Қазақстандық Kaspi.kz банкі Таяу Шығыс елдерінде жүрген клиенттеріне қаржылай көмек көрсететінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Хабарламада айтылғандай, банк Kaspi Travel сервисі арқылы турпакет немесе «бару-қайту» әуе билеттерін сатып алған және қазіргі уақытта Таяу Шығыс елдерінде жүрген не сол өңірде транзитпен қалып қойған клиенттерді қолдау туралы шешім қабылдаған.
Компания мәліметінше, өңірде мәжбүрлі түрде болған кезеңде клиенттердің Kaspi Gold шоттарына күн сайын материалдық көмек аударылып отырады.
Төлем мөлшері:
• әрбір ересек адамға – тәулігіне 35 000 теңге;
• әрбір балаға – тәулігіне 15 000 теңге.
Компания өкілдері клиенттермен тұрақты байланыста екенін және оларды сүйемелдеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ азаматтарға қауіпсіз жерде болуға, Қазақстан Республикасының елшіліктері мен консулдықтарымен байланыста болуға және ресми нұсқауларды қатаң ұстануға кеңес берілді.