Тәуелсіздіктің құрдасы Жоңғар Алатауының шыңын бағындырды

27 Тамыз 2021, 12:41
8260
Бөлісу:
Тәуелсіздіктің құрдасы Жоңғар Алатауының шыңын бағындырды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Конституция күніне арналған «Жастар шыңы» туристік жорығы аяқталды. 

Іс-шара осы жылдың 20-23 тамыз аралығында өтті. Тау шыңын бағындырған жастар арасында Тәуелсіздіктің құрдасы Азамат Жұманазаров есімді альпинист бар. 

Теңіз деңгейінен 3527 метр биіктікте орналасқан тау шыңын жергілікті халық «Сұйықтөбе» жайлауы деп атайды екен. Текелі қаласынан 85 км қашықтықта жатқан жерге қатысушылар 6 сағатты артқа тастап барған. Ал, аталған шыңды шымыр жігіттер 3 сағатта бағындырған. 

Ауыр да ұзақ жолға шыдау үшін альпинистерімізге темірдей төзім керек болды. Жорыққа тәжірибесі бар альпинистермен қатар, жас мамандар да қатысты. Жоба шеңберінде Алматы облысы Жоңғар Алатауында орналасқан шыңға «Жастар шыңы» атауын беруді жоспарлаған болатынбыз. Қазіргі таңда, облыстық тілдерді дамыту басқармасы, ономастика бөлімдерімен құжаттама жұмыстары жүргізілуде,-дейді Алматы облысы жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Еркебұлан Ақболатов.  

Жалпы жорыққа 5 адам және түсірілім тобы қатысты. Сондай-ақ, тау етегіне және биіктікке жетпей 2 лагерь құрылды. Оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында медицина қызметкерлері де бірге барды. Алғашқы күні шыңды бағындырушылар дайындық жұмыстарын жүргізсе, келесі күні таңғы 6 шамасында шыңды бағындыруға жаяу аттанған жастар шамамен сағат 9 кезінде діттеген мақсаттарына жетті. Сөйтіп, шың басына Тәуелсіздіктің 30 жылдығының және Жастар шыңының туын тікті. Алдағы уақытта шың атауы бекітілген соң, арнайы тақтайша орнатып, атауын гугл картаға енгізу көзделініп отыр.

Өзгелердің жаңалығы