Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Түркістан қаласының Адами әлеуетті дамыту бөлімінің бастамасымен «Өнер мектебінде» Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесіне орай «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы» атты жас ақындардың жыр-мүшайрасы болып өтті.
Жарыстың мақсаты – ұлттық әдебиетіміз бен өнерімізді насихаттау, қазақ поэзиясын жас ұрпақтың санасына сіңіру, Тәуелсіздік тойын кеңінен жырға қосу.
Айта кетейік, қала мектептерінен жарысқа 70-80 оқушы өз шығармаларын ұсынған. Қазылар алқасы іріктеу кезеңінен 35 оқушыны келесі кезеңге өткізді. Карантин талаптарын сақтай отырып, бүгін аталған жарыстың финалдық кезеңі өткізілді.
Қазылар алқасының төрағасы белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков, адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскерлері Тоғжан Кенжебаева мен Октябрь Алдияров қазылық еткен сайыста жүлдегерлер анықталды.
Сайыс ережесіне сай оқушылар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінді. Бірінші топта 1-4 сыныптар, екінші топта 5-8 сыныптар аралығындағы оқушылар бақ сынады. Сонымен 1-4 сыныптар аралығындағы бірінші топта бас жүлдені №12 Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Адина Шәріпбек алса, 1-орынды №23 Ж.Ташенов атындағы ІТ мектеп-лицейінің оқушысы Алихан Шора мен Данахан Оразәлі, №20 Р.Исетов мектебінің оқушысы Інжу Датқабек еншіледі. 2-3 орындағы оқушылар да анықталып марапатталды.
Ал, екінші топтағы 5-8 ші сыныптар аралығындағы жарыста бас жүлдені №21 М.Пошанов мектебінің оқушысы Дария Тобағали алса, 1-орынды №12 Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің оқушысы Нұрсәуле Серікбай, №4 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Ернар Ермурза, №20 Р.Исетов атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Наргиза Нуриллаева алды. 2-3 орындағы жүлдегерлер де марапатталды.
Жас ақындарымыз жыр мүшәйрада Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесін кеңінен жырға қосты. Бұл айрықша ұлық мерекені тойлауды Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімі бастап жатқанын айтып өткім келеді. Бұл кеш әрмен қарай «Өнер мектебінде» «Дәстүрлі ән терме қазынам», «Таудан биік тұлғалар» тақырыбында әдеби музыкалық кеш, «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы» атты облыстық оқушылар айтысымен жалғасын табады, - деді «Өнер мектебінің» директоры айтыскер ақын Тұрар Тлеулиев.