Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Түркістан облысы аумағындағы орман қоры жерлеріне 30 миллионнан астам көшет отырғызылады.
Оның қазіргі таңда 21 млн данасы егілген. Бұл туралы брифингте 10 айда атқарған жұмыстарын қорытындылаған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуалиев мәлімдеді.
Облыста орман шаруашылығы мекемелеріне 3 млн 116 мың гектар орман қоры жерлері бекітілген. Оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 млн 487 мың гектар.
Кешенді жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы орманды молайту шаралары бойынша 1 000 гектар жерге мәдени орман екпелерін егу және 10 600 гектар жерге сексеуіл тұқымын себу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбағында 27 миллионнан астам көшет өсірілуде, алдағы жылы 30-35 миллионға жеткізу жоспарланған, - деді Қайрат Амангелдіұлы.
Облыс әкімінің бастамасымен Түркістан қаласы Бас жоспарына сәйкес, экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында қала айналасынан Жасыл белдеу құру жоспарланып, 2019-2020 жылдары 4 700 гектар жерге 3 млн 212 мың 920 дана көшет егілген. Ал 2021 жылдың 10 айында 3 300 гектар жерге 8 млн 915 мың 900 дана жапырақты ағаш көшеттері отырғызылған. Қазіргі күнге Жасыл белдеудің жалпы алаңы 13 220 гектарға жетсе, осы жылдың соңына дейін 20 000 гектарға жеткізу жоспарланған.