#Тәуелсіздік30. Әскери институт түлектері

3 Мамыр 2021, 14:19
2087
Бөлісу:
#Тәуелсіздік30. Әскери институт түлектері

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылы  құрылғанына 20 жыл толатын Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының әскери кадрларды даярлауда үлесі зор. Аталған оқу орнының басшысы, генерал-майор Асқар Мұстабеков 20 жылдағы жетістіктері туралы айтып берді.

Орта Азиядағы радиоэлектроника және байланыс инженерлерін даярлайтын бірден бір оқу орны 2001 жылы 15 қазанда Қазақстан Үкіметінің № 1330 қаулысымен Азаматтық авиация академиясы жанындағы әскери факультетінің жанынан құрылған.

Биыл институтымыз айтулы кезең 20 жылдық мерейлі мерекесін атап өткелі отыр. Осы жылдар аралығында оқу орны заман талабына сай даму жолында талай жетістіктерге қол жеткізді. Институттың алғаш құрылған жылдары 4 мамандық бойынша әскери мамандар даярланса, қазіргі таңда еліміздің әскери саласын заманға сай мамандықтармен жабдықтау мақсатында 9 мамандық бойынша жас офицерлер - еліміздің қарулы қатарын толықтырып келеді,- дейді Асқар Мұстабеков. 

Оның айтуынша, оқу орнын бүгінгі күнге дейін 2148 түлек бітірген. Соның ішінде жетеуі Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының қолдауымен көршілес Қырғыз Республикасынан қабылданған білім алушылар.

Болашақ офицерлердің сапалы білім алуы мен кәсіби саладағы шеберліктерін шыңдау жолында қызмет етіп келе жатқан үздік профессорлық-оқытушылар құрамының еңбегі зор. Оқу орнында 4 ғылым докторы, 10 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы, 140 магистр мамандар білім беріп жатыр,- дейді оқу орнының басшысы. 

Қазақстан Республикасы білім беру саласында 2010 жылы 11 наурызда Болондық оқу үдерісін қабылдады. Ал әскери салаға бұл үдеріс 2016 жылдан бастап енгізілді. Яғни қазіргі уақытта институтта білім беру осы жүйеде жүргізіліп жатыр. Білім берудің аталған жүйесінің өзіндік артықшылықтары сол бүгінде әскери кадрлардың жан жақты терең білім алуы және білім саласындағы озық тәжірибелерді игеру  мақсатында  2018 жылы 21 тамыздағы №150-1/18 келісім бойынша Алматы қаласындағы Ақпараттық технологиялар халықаралық  университеті мен РЭжБӘИИ арасында арнайы меморандумға қол қойылып, бүгінде ол сәтті жүзеге асырылуда екен. 

#Тәуелсіздік30. Әскери институт түлектері


 

Институт курсанттары ТМД елдеріндегі әскери жоғары оқу орындары арасында өткізілген математика пәні бойынша ІІІ және ІV Халықаралық олимпиадаларға қатысып екі жыл қатарынан жүлделі орындарды иеленді. РЭжБӘИИ командасы информатика, шет  тілдері және әскери тарих пәндері бойынша өткізілген білім сайыстарында еліміздің намысын қорғап жоғары марапаттарға ие болды. Сонымен бірге институт жеке құрамы халықаралық «Кадекс» қару жарақ пен әскери техника көрмелерінің жұмыстарына қатысты,- дейді генерал-майор. 

Оның айтуынша, білім ордасында ғылыми зерттеу жұмыстарына да басты назар аударылған. 

Мемлекетіміздегі жетекші жоғары оқу орындары, ғылыми техникалық бағытта ғылыми мекемелермен тығыз ынтымақтастық орнатылған. Профессорлық-оқытушылар құрамы мен курсанттар әскери техникалар, қару-жарақтарды жетілдіру бойынша бірнеше грант және мақсатты бағдарламалы қаржыландыру шеңберіндегі  ғылыми жобаларға қатысуда. Институт курсанттарының шығармашылық, зияткерлік қабілеттерін дамыту бағытында Әскери радиоэлектроника және техника кафедрасының профессорлық оқытушылары жетекшілігімен робототехника үйірмесі ұйымдастырылған. Үйірме жұмысының нәтижесінде 2019 жылы Республикалық деңгейде өткізілген робототехника байқауында курсанттар жүлделі орынға ие болды, - дейді Асқар Мұстабеков. 

Институтта «РЭжБӘИИ ғылыми еңбектері» әскери техникалық журналы жүйелі шығарылып келеді және онда әскери саладағы алыс жақын шет ел ғалымдарының да еңбектері жарияланып отырады екен. 

Ол әскерт білім алумен қатар курсанттар институттағы түрлі спорт секциялары мен шараларға қатысып салауатты өмір салтымен белсенді шұғылданатынын айтты. Халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда институт курсанттары жүлделі орындарды иеленіп жүр екен. 

Институт құрылған уақыттан бері 200-ден астам курсант спорт шебері, 4000 курсант разрядқа ие болды. Институттың волейбол командасы үш рет қатарынан қарулы күштер арасындағы чемпионаттың жеңімпазы болды. 2014 жылы Эквадорда өткізілген әлем чемпионатына қатысты,- дейді оқу орнының басшысы. 

Қазақстан Республикасының Көңілді тапқырлар клубының жоғарғы лигасында ойнайтын КВН командасы да бар екен. Батыр бабаларымыздың мұраларын зерделеп, әскери патриоттық рухты арттыруға серпін беретін әскери тарихи «Бес қару» клубы, зияткерлік бағыттағы «Легион» және ғылыми дебат клубтары да  жұмыс істейді. Институттың ғылыми дебат клубы республикадағы жоғары оқу орындары арасындағы дебат клубтарының ішінде сегіз жыл қатарынан жеңімпаз атанды.


 

Өзгелердің жаңалығы