#Тәуелсіздік30: «Әр үйден бір ағаш» челленджі

19 Наурыз 2021, 14:52
6223
Бөлісу:
#Тәуелсіздік30: «Әр үйден бір ағаш» челленджі

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде өңірдегі мектептерде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтіп жатыр. Сондай мерекелік іс-шаралардың бірі облысымыздағы Махамбет Өтемісұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектепте қатарынан бірнешеуі болып өтті. 

Ақиық ақынның атымен аталатын мектеп болғандықтан алдымен Махамбеттің отты жырларына арналған тарихи тағзым ету кеші болды. Ашық сабақта жас ұрпақтың санасына ақынның жырларын сіңіру, қазақ халқының салт-дәстүрі мен құндылықтарын дәріптеу,  бабалардың мұрасын, ел мен жерге, Отанға деген патриоттық сезімді арттыру көзделді. Осы мақсатта мектеп мұражайы мен кітапханада Махамбет Өтемісұлының көрмесі ұйымдастырылды.  

IMG_5063.JPG

Оқушылар батыр бабаның өмірбаяны мен оның қазақ халқының мақтан тұтар айтулы тұлғасы екендігіне кеңінен тоқталып, тағзым етті. Ақынның рухты жырларын жатқа айтып шықты.

IMG_5085.JPG

Бұдан бөлек, мектепте Ұлыстың ұлы күніне орай мектепте «Қош келдің Әз-Наурыз» атты тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Тәрбиелік мәні зор ашық сабаққа қатысқан 5 «ә» сынып оқушылары қазақ халқының ұлттық мейрамы туралы жан жақты зерделеді.

Қазақ халқы наурыз мейрамын жыл сайын ерекше атап өтуге тырысады. Биыл пандемияның салдарынан кең көлемде наурыз мерекесін атап өте алмай отырмыз. Десе де карантин талаптарын сақтай отырып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды барынша сіңіруге тырысып жатырмыз. Жыл басы саналатын, күн мен түн теңелетін мерекенің мағынасын, оның сипатын,  халықты өзара біріктіретін татулықтың да мейрамы екенін айтып ұғындырамыз. Оқушыларымыз наурыз туралы жыр шашуларын жатқа айтып, салт-дәстүріміз жайлы ақпараттарға қаныға түсті, - деді 5 «ә» сынып жетекшісі Оразгүл Жүнісбекова.  
IMG_5089.JPG

Аталған мереке құрметіне «Бояулар сыры» үйірмесінің жетекшісі А. Кенжеева «Өнерші өрге жүзер» тақырыбында сурет байқауын өткізді. Мектеп оқушылары ұлттық мейрамды қаншалықты бойына сіңіргендігін көрсететін наурыз тақырыбында еркін қалам тартты.

Сонымен қатар, биыл облыс әкімдігінен бастау алған көшет отырғызу үрдісі бұл мектепті де айналып өтпеді. «Табиғат күні – жайлау күні» тақырыбы аясында «Әр үйден бір ағаш» атты челленджі ұйымдастырылды. Жас көшеттерді отырғызуға мектеп ұжымының мұғалімдері белсене атсалысты.

IMG_5077.JPG

Ал мектептің спорт алаңында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Ұлыстың ұлы күні құрметіне орай «Спорт және шеберлік» тақырыбы аясында 5-8 сыныптар арасында кіші футболдан жарыс болып өтті. Жарысқа 3 команда қатысты. Нәтижесінде 1-орынды «Ұшқын», 2-орынды «Сұңқар», 3-орынды «Қыран» командасы иеленді. Жеңіске жеткен командалар мектеп директорының алғыс хаттарымен марапатталды.


Өзгелердің жаңалығы