Мемлекет басшысы тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына конкурс басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» бойынша 3 млн теңгеден 30 грант берілетін болады.
Мақсат – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау.
Конкурсқа Қазақстан Республикасының он төрт жастан бастап, отыз бес жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.
Гранттар 5 бағыт бойынша беріледі:
1) «Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
2) «Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
3) «Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
4) «Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
5) «Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған.
Үміткерлердің конкурстық өтінімдері ағымдағы жылғы 26 қыркүйектен – 26 қарашаға дейін электрондық нұсқада t.urpaktary2023@gmail.com поштасы арқылы қабылданады.
Байланыс нөмірі: 8 (7172) 74-12-78.
Конкурстық өтінімдер мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде қабылданады және:
1) 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурстық өтінім;
2) 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жобаның сипаттамасы;
3) жоба бойынша (60 секундтан аспайтын) бейнематериал немесе (10 слайдтан аспайтын) презентация;
4) 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шығындар сметасының жобасы;
5) PDF форматындағы зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса);
6) PDF форматындағы жеке куәлік немесе туу туралы куәліктің көшірмесі болуы тиіс.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру қағидаларын бекіту туралы Бұйрық pdf (жүктеу/скачать)