Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тәуелсіздік рухын биіктеткендер

25 Қазан 2025, 14:15
595
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Тәуелсіздік – тек саяси ұғым емес, ұлттың рухани, мәдени және спорттық биігімен де өлшенеді. Қазақстанның егемендік жылдарындағы жетістіктерін айтқанда, ел намысын әлем аренасында қорғаған спортшылар мен қазақ өнерін жаһандық деңгейде танытқан мәдениет қайраткерлерінің еңбегі айрықша. Олар – Тәуелсіз Қазақстанның бет-бейнесін қалыптастырған, ұлт рухын асқақтатқан тұлғалар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 

Тәуелсіздікпен бірге түлеген спорт

1991 жылы Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан спорт саласын ұлттық мақтаныш пен халықаралық бедел құралына айналдырды. Олимпиада аренасында алғаш рет көк туымыз желбіреген күн – ел тарихындағы ұмытылмас бетбұрыс болды.

1996 жылғы Атланта Олимпиадасында боксшы Василий Жиров елімізге алғашқы алтын медальді сыйлады. Бұл – жаңа мемлекеттің әлемдік спорт картасына нық енуінің белгісі еді. Сол сәттен бастап Қазақстан спортшылары әр Олимпиадада көк байрақты биіктен түсірмей келеді.

Илья Ильин, Ольга Рыпакова, Бекзат Саттарханов, Геннадий Головкин, Жансая Әбдімәлік, Серік Сәпиев сияқты спортшылардың есімдері ел тарихына алтын әріппен жазылды. Олар әлемдік спорт аренасында Қазақстан атын танытып қана қоймай, жас ұрпаққа еңбектің, табандылықтың және намыстың нағыз үлгісін көрсетті.

Қысқы спорт түрлерінде де қазақстандықтар өз орнын айқындап келеді. Александр Винокуровтың Олимпиададағы жеңісі, Елена Рыбакинаның Уимблдондағы триумфы – тәуелсіз елдің спорттағы жаңа дәуірін айқындаған тарихи сәттер.

Тәуелсіз еліміз жастарды әрқашан да қолдайды. Сол қолдаудың арқасында біз – қазақ спортшылары әлемдік ареналарда жетістіктерге жетіп келеміз. Алдағы уақытта да біз Олимпиада төрінен, жеңіс тұғырынан көрінеміз деген сенімдеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!, - деп тілек білдірді «Қазақстан барысы-2022» Мақсат Исағабылов.

 

Мәдениет – рухани тәуелсіздіктің айнасы

Тәуелсіздік жылдары қазақ мәдениеті әлемге жаңаша қырынан танылды. Бұл кезең – ұлттық өнердің қайта жаңғыру, жаңа есімдердің қалыптасу дәуірі болды.

Әлем сахналарында қазақтың үні мен рухын паш еткен Димаш Құдайберген, Роза Рымбаева, Айман Мұсақожаева, Әлібек Дінішев, Бибігүл Төлегенова сынды өнер жұлдыздары елдің мәдени брендіне айналды.

Қазақ киносы да жаңа тыныс алды. "Көшпенділер", "Томирис" секілді туындылар ұлттық болмысты заманауи тілде жеткізіп, отандық киноиндустрияның әлеуетін арттырды. Театр, әдебиет, бейнелеу өнері саласында да тәуелсіз ұрпақтың жаңа толқыны қалыптасты.

Республика күні – біздің рухымыз асқақтап, жүрегімізге қуаныш орнаған күн. Қазіргі осы Республика күні  біз – өнерде жүрген адамдар өнердегі бір бостандықты сезіндік. Көк Туымыз желбірей берсін! Тәуелсіз елімді жақсы көремін, - деп ағынан жарылды ҚР Халық әртісі Майра Ілиясова.

Ал композитор Төлеген Мұхамеджанов Отанға қызмет ету – әр азаматтың парызы деп санайды.

Республика күні бүгінде Президентіміз айтқандай, тарихи символға айналды. Осыған байланысты әрқайсысымыз қолдан келгенше еңбектеніп, өз үлесімізді болашағымызға қосуымыз керек. Елге деген, халыққа деген сүйіспеншілікті ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жазып кеткендей, «Мен Отанымды мәңгілікке сүйіп өтем!», - дейді композитор, қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов.

 

Ұлттық болмыс пен жаһандану арасындағы тепе-теңдік

Бүгінгі таңда мәдениет пен спорт елдің руханиятына, рухына әсер ететін күшке айналды. Олар халықаралық аренада Қазақстанның бейнесін айқындап, ұлттың беделін күшейтеді. Әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ тілінде ән шырқалып, ұлттық киімдер сән сахналарына шығып, спорт ареналарында көк туымыз жиі көтерілуі – тәуелсіздіктің нақты көрінісі.

Сонымен қатар мәдениет пен спорт мемлекет имиджін қалыптастыратын стратегиялық бағыт ретінде қарастырылуда. Мысалы, «Ұлы дала мұрасы», «Рухани жаңғыру», «Ұлттың жаңа болмысы» бағдарламалары мен «Қазақстан спорты – ел абыройы» тұжырымдамасы ұлттың ішкі әлеуетін біріктіріп, болашаққа сенім ұялатады.

Тәуелсіз Қазақстанның осы күнге дейін жүріп өткен жолы – ел спорты мен мәдениетінің тарихында алтын дәуір болды. Бұл кезең – елдің тек саяси емес, рухани азаттығын айшықтаған уақыт.

Спортшылардың жеңісі мен өнер қайраткерлерінің табысы – елдің намысы, ұлттың рухы. Олар Тәуелсіздіктің мәнін іс жүзінде дәлелдеп, Қазақстанды әлемге танытқан тұлғалар.

Бүгінгі ұрпақ сол еңбектің жалғасы ретінде ұлттық рух пен мәдени мұраны сақтап, жаңа биіктерге көтеруі тиіс. Өйткені Тәуелсіздік – тек өткеннің жетістігі емес, келешекке деген сенімнің символы.

Өзгелердің жаңалығы